Қар құрсауында қалған балықшылар табылды
24 қаңтарда Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне боран кезінде Арқалық қаласынан 90 шақырым жердегі «Бекен» суқоймасында балықшылардың қалып қойғаны жөнінде хабар келіп түскен. Арқалық қаласы құтқару бөлімшесінің құтқарушылары ГТ-ТБ арнайы техникасымен көлге бет алды. Құтқарушылар бес адамды және олардың қар басып қалған екі автокөлігін тауып алды, деп хабарлайды ТЖК-ның баспасөз қызметі.

Қарда қамалып қалғандардың көлден алыстап кетуге мүмкіндіктері болмаған. Құтқарушылар авто көліктерді қардан шығарып, қауіпсіз жерге дейін сүйретіп жеткізді.
Зардап шеккендер Арқалық қаласына аман-есен эвакуацияланды, олардың жағдайлары жақсы. Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы жергілікті тұрғындарға қарлы бұрқасын кезінде мекендерінен алысқа сапарға шығуды кейінге қалдыруды және жолда мұқият болуды сұрайды.

Қазақпарат