Ағайынның алғысына бөленді

Өткен жылы өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүрді. Қарап отырсақ, облыс бойынша бас-аяғы 40-қа жуық елді мекенге таза су тартылыпты. Осындай игі істердің бірқатары шалғайдағы Жанкелдин ауданында да іске асқаны қуантады. Аудан әкімдігі мен коммуналдық шаруашылық мекемесінің қажырлы еңбегінің арқасында Торғай селосы мен Жаркөл ауылдық округіндегі Тәуіш елді мекеніне тұщы су берілді. Алыстағы ауыл тұрғындары туған жердегі оң өзгерістерді байқап, ел тұтқасын ұстаған азаматтарға алғысын жеткізіп отыр.  Болат Халықұлы
Суретте: Болат Қосқолов
 
-Жасыратыны жоқ, біздің аудан аймағындағы кейбір ауылдарға әлі ауыз су тартылмаған,-дейді Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Шота Оспанов. -Сондықтан да өткен жылы еңсерілген жұмыстар ел ішін бақытқа бөледі. Аудан орталығындағы 25 үй ас-сумен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, іргедегі Тәуіш ауылы да осындай қуанышқа кенелген жайы бар. Бұл ретте, коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы Болат Қосқоловтың да еңбегін айта кеткен жөн. Жаңа қызметке келген азамат аз уақыт ішінде ғана өз ісін дөңгелетіп әкетті,-дейді ол.
Иә, әуелі, редакциямызға хабарласып, жерелстерінің ерен ісіне деген алғыстарын жеткізіп, хат жазған ауыл ақсақалдары еді. Тіршілік нәріне қол жеткізген Қуаныш Байдырахманов пен Базарбай Жалғасұлы бастаған Кенжеахметов және Қожмұханбетов көшесінің тұрғындары Болат Халықұлының атқарған жұмыстарына ризашылығын жеткізген-ді. Ел ағаларының ақ батасын алған азамат бұдан әрі шабыттана түсері сөзсіз.   
-Бұл мекен – менің туған жерім. Менің шағын отанымның оты сөнбесе екен деймін. Ауылдастарымның мұң-мұқтажы жетерлік, әрине, оны таусып бітпейсің. Дегенмен, аз да болса, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға өз үлесімді қосқым келеді. Келешекте жағымды жаңалықтарымыз көп боларына сенімдімін,-дейді Болат Қосқолов.  
Көзі қарақты оқырман білер, біз торғайлық азамат Болат Халықұлы туралы бұған дейін де жазған едік. Ол кезде ел арасына қысы-жазы жол салып, талай жанның сауабын алып жүргенін айтқан болатынбыз. Міне, бұл жолы басқа қырынан танып-біліп отырмыз. Әрине, Бөкең бұрынғы кәсібінен әсте алыстамады, керісінше, жерлестеріне деген пайдасын ұлғайта түсті.  
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓