Электронды қалдықтар – экобоксқа

            Елде электронды-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және кәдеге жарату үшін арнайы экобокстар орнатыла бастады. Бұл батареялар, кабельдер және ықшам электроникаларды жасау үшін қажет. Аталмыш жобаны "Технодом" компаниясы жүзеге асыруда.IMG_0274
            "Технодом" компаниясы – Қазақстандағы электронды тұрмыстық және компьютерлік көшбасшы ұлттық желі. Елдің 26 қаласында және Қырғызстанда 63 дүкені жұмыс істейді. Samsung, LG, Sony, Panasonic, Daewoo, Philips, Apple, Nokia, HTC, Huawei, Canon, Nikon, Bosch, Indesit,  Zanussi, Moulinex, Tefal, Rowenta, Beko және өзге де осы сынды 15 мың түрлі әлемдік брендтерді саудалайтын алпауыт. Бұл компания бұдан былай тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, экологиялық мәселелерге де ден қоятын болады.IMG_9815
            Әуелі айтарымыз, бұл шара "Табиғатты аялаймыз, Қазақстанды сүйеміз!" экологиялық жобасы аясында қолға алынып отыр. Бұл аса зор мәнге ие. Қалдықтарды екінші айналымға түсіру мен кәдеге жарату – бүкіл әлем үшін маңызды мәселе. Мәселен, мамандардың дерегіне сүйенер болсақ, 2000-2010 жылдар аралығында Қазақстанға үш миллионға жуық дербес компьютер жеткізілген. Ал сарапшылардың пікірінше, олардың жартысы, яғни 1,5 миллионы электронды қалдыққа айналады. Бұл – техниканың басқа түрлерін есепке алмағандағы көрсеткіш. Соңғы жиырма жыл ішінде компьютерлер, ұялы телефондар, баспа платалары, мониторлар, теледидарлар, принтерлер мен алуан түрлі өзге де электрониканы қоса алғанда, «электронды қоқыстың» көлемі ондаған есеге өскен. Демек, қоршаған ортаға қалдықтардың зиянды әсерін болдырмау, қоқысты шикізат ретінде қайта қолдану үшін жағдай жасау, экологиялық таза өндірістерді дамыту, эмиссиялардың көлемін азайту – кейінге ысыруға болмайтын мәселелер. тбо
            Баршамызға белгілідей, елімізде жарамсыз техника елді мекендер маңындағы полигондар мен қоқыс тастайтын жерлерге орналастырылады. Бұл қалдықтар құрамындағы ауыр металдар мен тұрақты органикалық ластағыштар қоршаған орта мен адам денсаулығына зиянын тигізеді. Мәселен, мамандардың айтуынша, арасына қорғасын, сынап, сурьма, кадмий, алты валентті хромның қоспасы сынды басқа да элементтер енетін қауіпті заттар ағза ішінде жиналып қалуға қабілетті болады. Сондықтан олардың аздаған мөлшері де қауіпті болып саналады. Сонымен бірге, жерасты сулары, топырақ пен атмосфераны ластай отырып, адамдар денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізеді. Сондықтан да мұндай қоқыстан үйреншікті, қарапайым жолмен арылған жөнді емес.
            Енді кез келген адам осы мәселелердің шешімінің табылуына тамшыдай болса да үлесін қоса алады. Істен шыққан немесе жарамсыз электронды техникаларын арнайы орындарға тапсыру арқылы табиғатты қорғауға көмегі тимек. 2016 жылы Қазақстан аумағында барлығы 117 экобокс орнатылған еді. Арттағы жылдың аяғына дейін олардың саны 126 данаға жетті.
            Өз кезегінде, "Технодом" компаниясы қазақстандықтарға көнетоз тұрмыстық техникаларды және тұтынысқа кәдесіз электроникаларды қалыптасқан қарабайыр амалмен қоқыс контейнерлеріне тастамай, оларды сұрыптап, желі дүкендеріне әкелуге кеңес береді. Осы тұста айта кету керек, электрондық қалдықтар тегін қабылданады. Өйткені бұл қалдықтар қайта өңдеуден өткізілу үшін қазақстандық кәсіпорындарға жөнелтіледі.IMG_0564
            Айтылмыш жобаның негізгі мақсаты – электронды қалдықтарын басқару механизмдерін оңды жолға қою, қоғам назарын экологиялық мәселелерге және қоршаған ортаны қорғау түйткілдеріне бұрдыру. Тазалыққа ден қою, жауапкершілікке дағдылану елдің барлық тұрғынына ортақ әдетке айналса, нұр үстіне нұр болар еді.
            Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүйелі жүзеге асып жатқан жобаға, тиісінше, Қостанай қаласы да қатысуда. Әзірше, облыс орталығында электронды-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға негізделген арнайы экобокстар бір ғана мекенжайға орнатылған. Қала тұрғындары электронды қоқыстарын әл-Фараби даңғылы бойындағы "Март" сауда-ойын-сауық орталығына қойылған жәшікке әкеліп өткізулеріне болады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓