«Б» корпусындағылар аттестаттаудан өтеді
Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасындағы «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері кешенді аттестаттаудан өтеді. Оның тәртібі мен талаптарын жергілікті баспасөз клубында өткен брефингте сала мамандары түсіндірді.Қостанай облысында 764 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Соның ішінде 197-сі аумақтық, 28-і облыстық, 539-ы аудандық және селолық мемлекеттік органдар. Біздің өңірде кешенді аттестаттаудан өтуге тиісті 4 578 мемлекеттік қызметші бар. Тестілеуден әр түрлі себептермен 1 260 адам босатылады. Аттестаттаудан босатылған азаматтардың санаты Мемлекет басшысның Жарлығында белгіленген. Олар, «А» корпусының резервінде тұрған қызметшілер, екі жылдан кейін және одан да аз уақыт ішінде зейнеткерлік жасына толатын азаматтар, жүкті әйелдер, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандар, 14 жасқа дейінгі балаларды бағып отырған жалғыз басты аналар, еңбек өтілі алты айдан кем қызметшілер т.б.Аттестаттау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігін анықтауға арналған бағалау парағы толтырылады. Екінші кезеңде қызмет бабына қатысты тестілеуден өтеді. Мұнда мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі, біліктілігі, іскерлігі және өзге қасиеттері сыналады. Соңғы кезең бетпе бет әңгімелесуге арналып отыр. Аттестаттаудың нәтижесіне келіспейтін болсаңыз аталмыш департаментке хабарласуға құқығыңыз бар.– Былтырғы желтоқсан айында аттестаттаудың тәртібін түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарына кірістік. Облыстың аудан, қалаларын аралап шықтық. Осы сәтті пайдалана отырып мемлекеттік қызметшілерден аттестаттау кезінде облыс аумағынан алысқа ұзамауларын өтінеміз. Аттестаттаудың мақсаты мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау, кәсіби деңгейін, біліктіліктерін тексеру. Атқарып жатқан лауазымына лайықты екендерін анықтау,-деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Асхат Ескендіров.
Қымбат ДОСЖАНОВА