Ескі көліктерді қабылдау жалғасады
Өткен жылдың 21 қарашасы мен 30 желтоқсаны аралығында елімізде тозығы жеткен көліктерді өткізуді ынталандыру бағдарламасының пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Аталған уақыт аралығында ӨКМ Операторының қабылдау бекеттеріне 5665 автокөлік тапсырылған. Ескі көліктерді қабылдау қорытындысы бойынша Шымкент қаласы бірінші орында тұр. Бір айдан астам уақыт ішінде оңтүстік аймақта 764 автокөлік тапсырылған. Қостанай облысы 688 көлік өткізіп, екінші орынға шықты. Үшінші орындағы Алматы облысының еншісінде 496 ескі көлік. Пилоттық жоба биыл да жалғасады. Бағдарламаның келесі кезеңінде бірнеше жаңашылдықтар бар.


-Биыл экология жылы. Астана төрінде «EXPO-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Сондықтан қала мен ауылды тозығы жеткен көліктерден тазартудамыз. Қазір біз қабылдау бекетінің алаңын кеңейтудеміз. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде ескі көліктерді қабылдау, сақтау, күзету жұмыстары жасалса. Бұдан былай автокөлікті жоюға әзірлене бастаймыз. Экологиялық талаптарды сақтай отырып, аккумулятор, шиналар шешіп алынады. Техникалық сұйықтықтарды стандартқа сай арнайы ыдыстарға құямыз. Осылайша, қайта өңдеуге кірісеміз. Дайын металдар Қарағандыдағы зауытқа жіберіледі. Металлургиялық зауыт биыл немесе алдағы жылы іске қосылмақ,-деді «ӨКМ Операторы» ЖШС Қостанай облысы бойынша аға менеджері Вячеслав Клинковский.

-Аудан, ауылдардың тұрғындары көліктерін өздері әкеліп тапсырады. Біздің бекетте қабылданбай қалған он шақты көлік тұр. Себебі, техниканың иелері кезінде автомобиль салығын немесе айыппұлын төлемеген. Автомобильді есептен шығару кезінде ұзақ жыл ұмытылып келген салық пен айыппұлға қайтадан кез боласыз. Сондықтан, құжатты мұқият дұрыстау керек,-дейді В.Клинковский.

– Республика бойынша 11 қаңтардан бастап электронды кезек жүйесі енгізіледі. Ол үшін ӨКМ Операторының Call орталығына, 8 800 080 08 65 телефон нөміріне хабарласуға немесе auto.recycle.kz сайтына кіріп, арнайы форманы толтыру арқылы кезекке тұруға болады;
– Сенімхат үлгісі өзгерді;
– Ескі көліктің орнына берілген ақша клиенттің шотына 15 банктік күннің ішінде түседі;
Сонымен қатар, 2017 жылдың маусымынан бастап жүк көліктерін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникаларын қабылдау жоспарда тұр. ӨКМ Операторы ескі көлікті ақшалай сертификатқа айырбастауға дайындық жүргізуде. Бұдан былай ескі көліктің орнына төленетін қолма қол ақшаның орнына сертификат беріледі. Сертификатты жаңа көлік сатып алу кезінде пайдалана аласыз. Осылайша отандық автоөндіріске қолдау білдіреміз.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.