Жарқыра, жаңа жыл шыршасы!
Қостанай қаласында облыстың бас шыршасының шамын жағу рәсімі өтті. Жаңа жыл мерекесінің бастамасы саналатын салтанатты іс-шараға қала тұрғындары куә болды.
Дәстүрлі рәсім әдеттегідей шат-шадыман көңіл-күймен өтті. Облыс әкімдігі алдындағы алаңда сән түзеген мерекелік шыршаның түбіне қала тұрғындары жиналды. Қостанайлықтар мен қала меймандарын шаһар басшысы Марат Жүндібаев жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіз-тілегін жолдады.
Бұл іс-шараны соңғы екі жылда атап өте алмадық. Оған коронавирус дертіне байланысты қойылған шектеулер мұрша бермеді. Биыл көңілді мерекенің жалғасын тапқанына қуаныштымыз. Қостанайлықтар мен қаланың кішкентай тұрғындары келе жатқан мерекенің қызығына бату мүмкіндігін иеленіп отыр. Есіктен енгелі тұрған Жаңа жыл құтты болсын», – деді қала әкімі.
Шырша шамын жағу салтанатын жергілікті өнерпаздар әсем де әсерлі ән-күймен әрлей түсті. Әйгілі «Карнавал» ансамблінің көз жауын алатын жарқын билері, бала біткенді еліктірген аниматорлардың қызықты көріністері іс-шара сәнін келтірді.
Көңілді әуен, қызықты бағдарламаларға ұйыған жұрттың арасына Аяз ата мен Ақша қардың квадроциклдермен кіріп келуі де ерекше әсерлі болды. Мерекенің басы кейіпкерлері көпшілікпен бірге: «Бір, екі, үш! Шырша, жарқырай түс!» деп «жаңа жыл сұлуының» шамын жақты. Іс-шара соңы отшашуға ұласып, орталық аспаны түрлі-түсті фейерверк шоқтарымен самаладай жарқырады.
Қостанайлықтар бұдан кейін де үйді-үйге тарқап кетпей, алаңда бой түзеген биік сырғанаққа қарай ағылды. Үлкенді-кішілі жұрт осынау мұз төбешікті көпке дейін ермек етіп, орталықта сап түзескен қар мүсіндерді тамашалады.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ