Қос нысанның құрылысы аяқталды
Қостанайдағы аквапарк пен мұзайдынындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Алайда, ресми ашылу күні әлі белгінген жоқ.
Қазір мердігерлік ұйымдар ғимараттардың іші-сыртын тазалау сияқты соңғы жеңіл жұмыстарды аяқтауға жақын. Еске сала кетейік, бұған дейін екі ғимараттың да әбден тозығы жетіп, былтыр қайта жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылған еді.
Мұзайдыны толықтай жаңарды деуге болады. Жанкүйерлер трибунасы өзгеше кейіпке енді. Бұрынғы үш түсті гаммалы орындықтарды бес түсті және ортасында "қошқар мүйіз" оюы бедерленген трибуналар алмастырды. Сондай-ақ, ғимараттың ішінде әрлеу жұмыстары жүргізілді, есік-терезелері ауыстырылды, барлық құбыр желілері жаңарды. Ғимараттың ауласы да өзгерді. Спорт сарайы жуық арада ашылуы мүмкін. Бірақ, жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Жыл аяғына дейін мұз айдының жөндейтін болады. Құрғату жүйесін іске қосу жоспарда бар. Әзірше бұл жұмыстар мемлекеттік сараптамадан өтуде, қаржы бөлінген жағдайда мердігер кортты ауыстыруға әзір.
Ал, аквпаркте жылыту мен желдету жүйелері және шатыры қайта жөнделді. Бұл мақсатта бюджеттен 50 млн теңге бөлінген. -Бізде желдету жүйелерінде олқылықтар болды. Сондықтан жылыту үшін жылу зеңбіректерін ғимараттың ішіне қойдық. Бұл көп шығын әкелді. Қазір аквапарктің іші мен сыртын жинастырып жатырмыз. Жұмысты тегіс аяқтап, бассейнге су толтыру үшін әлі бір айдай уақыт қажет. Сол себепті ғимараттың қайта ашылатын күнін дөп басып айта алмаймын. Бірақ міндетті түрде алдын ала хабаралйтын боламыз,-дейді аквапарк директорының орынбасары Айнұр Есенбаева.