Қазақ ауылы салынады
Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесі кезінде баламалы энергетикаға арналған озық ғылыми-техникалық жетістіктермен қатар Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрі де кеңінен таныстырылатын болады. Осыған орай, мәдени-спорттық шаралардың кешенді бағдарламасы әзірленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аталған бағдарламада қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жан-жақты көрсету шараларына басымдық беріледі. Осылайша, «Қазақтың дәстүрлі өнері» бағыты бойынша «Қазанат» ипподромында этноауыл салынады. Ол жерде қыз қуу, көкпар, аударыспақ, бәйге, түйме алу, аламан бәйге, ақсүйек, жамбы ату, тоқты алу, жігіт жарыс, жорға жарыс, күміс алу, теңге алу, қазақ күресі, тоғызкұмалақ, жекпе-жек, алыпсоқ, арқан тарту, жұдырықтасу, асық ату, хан дойбысы және тағы басқа жарыстар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары кеңінен таныстырылады», – делінген ресми хабарламада.
Қолөнершілер қыш, киіз бен зергерлік бұйымдарды сол жерде жасап, кілем тоқу мен кесте тігу, ағаш, тері, сүйек өңдеу және тағы басқа ұлттық мұраның үлгілерін көрсететін болады.