“Мархабат” қоғамдық қоры екі жыл бойы диабетке шалдыққан балаларға қолдау білдіріп келеді

Бүгінгі таңда көптеген үкіметтік емес ұйымдардың қоғамның дамуына ерекше үлес қосып жатқандығын ауыз толтырып айтуға болады. Солардың ішінде жығылғанға тіреуіш, сүрінгенге сүйеніш болып жүрген "Мархабат" қоғамдық қорының да жұмысы көңіл көншітеді.
P1160780
Қордың құрылғанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, оның пайда болуы өңірдегі қант диабетіне шалдыққан балалар мен олардың ата-аналары үшін зор қуаныш болғаны сөзсіз. Себебі, аталмыш ұйым қант диабетіне шалдыққан балаларға материалдық, моральдық әрі психологиялық тұрғыда көмек қолын созу мақсатында құрылған болатын. Бүгінде ұйым мүшелері қант диа-бетінің алдын алу, аурудың етек жайып кетуіне тосқауыл қою үшін балалар арасындағы саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да түрлі жұмыстарды атқаруда. Алғаш құрылған жылдары олар игі істің басын өңірдегі осындай дертке шалдыққан он баланы "Сосновый бор" шипажайына апарып, бір апта бойы олардың тегін ем-дом алуына жәрдемдесуден бастаған еді. Күні бүгінге дейін балалармен, олардың ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен жиі-жиі басқосулар ұйымдастырып, диабетке қатыс-ты толғандырған мәселелерді талқылап, қолдарынан келгенше көмектесіп келеді. Балалар арасындағы қант диабетінің алдын алу мақсатында өткен жылы қор мүшелері облыс орталығын ғана емес, шалғай өңірлерді де қамтып қайтқан көрінеді. Мәселен, Арқалық қаласында дәрігерлер мен қант диабетіне шалдыққан жеткіншектердің  ата-аналарының басын қосып, дөңгелек үстел өткізсе, "Диабет және семіздік" деген тақырыпта тренинг, сондай-ақ "Өзіңді диабетке тескер!", "Қант диабетінен қорғаныңыз!" деген ұрандармен акциялар ұйымдастырды. Қор мүшелері бүкіл дүниежүзілік диа-бетке қарсы күрес күнінде де сырқат балалармен кездесіп, оларға сый-сияпат жасап, қаламыздағы театр, мұражай сияқты мәдени орындарды аралатып қайтуды дәстүрге айналдырған.
IMG_9649
"Мархабат" қоғамдық қорының төрайымы Биға Бисетаеваның айтуынша, соңғы жылдары қант диабетіне шалдығып, соның зардабын тартып жатқандар қатары күн санап көбейіп барады. Аурудың әсіресе балалар арасында да белең алуы қынжылтады. Бүгінде Қостанай облысы бойынша 16 910 адам осы дерттің құрығына ілінсе, соның 123-і балалар екен.
– Елімізде жыл санап қант диабетіне шалдыққандар саны артып келеді. Қазір аталған ауру ересектерді былай қойып, балаларға да ауыз сала бастады.  Балалар арасындағы қант диабетінің кең таралуына олардың дұрыс тамақтанбауы басты себеп деп ойлаймын. Бұл дерттің жарасы жеңіл деп көптеген ата-аналар ауруға онша мән бермейтін сияқты. Сондықтан, кез-келген ата-ана ең алдымен баласының дұрыс тамақтануына көңіл бөлсе екен деймін. Құрамында түрлі консерванттар қо-сылған сусындар мен ұн өнімдерінен жасалған, қуырылған жә-не майлы тағамдарды шектеу қажет. Ал, науқас бала бұдан да жоғары күтімді талап етеді. Қант диабетімен ауыратын балаларды белгілі уақыт мерзімінде тексеріп, оларды қатаң диеталық бақылауда ұстау қажет. Бұған қоса, ондай балалардың мінез-құлықтарындағы ерекшеліктерді бақылау үшін әрбір білім беру мекемелерінде арнайы дәрігерлердің де болғаны жақсы. Сонымен қатар, әртүрлі жағдайға байланысты күйзеліске түсу де осы ауруға шалдықтыруы мүмкін. Өйткені, біздің қамқорлығымыздағы сырқат балалардың арасында күйзелістің салдарынан осы дертке шалдыққандар да бар. Балалар арасында бұл аурудың көбеюіне тұқымқуалау-шылық та себеп болуда. Жалпы, қант диабеті көп шығынды қажет ететіндігі өз алдына, ол асқынса мүгедектікке душар ететін созылмалы ауру. Сол себепті әрбір ата-ана өз балаларының дұрыс тамақтануын қатаң бақылауға алуы шарт, – дейді Биға Бірәліқызы.
Болашақта қоғамдық қор мүшелері балаларға ғана емес, ересек науқастарға да көңіл бөлуді жоспарлап отырған көрінеді. Сондай-ақ, балаларды тек шипажайларға ғана апарып қоймай, олардың шетелдерде де ем-дом алуларына жәрдем беруді  көздеп отыр.
P1160658
– Әрине, мұның бәрі уақыттың еншісінде ғой. Дегенмен біз балаларға ғана емес, ересек сыр-қаттарға да көңіл бөлсек дейміз. Себебі, науқас бала 16-ға толып, балалардың есебінен кеткенде ол жазылып кетті деген сөз емес, керісінше ол ересек науқастардың қатарын толтырады. Он алтыға толды екен деп, біз де ат-тонымызды ала қашпаймыз ғой, науқас адамға қашанда қолдау-көмек қажет. Сол үшін де біз түбі балаларға ғана емес, ересек  науқастарға да қамқорлық танытсақ дейміз. Жұрт қоғамдық қор болғандықтан ақшаны күректеп тауып жатыр деп ойлайтын шығар. Асылы, денсаулық саласы бойынша жұмыс істеу оңай емес. Тіпті, ғимаратты жалдап отырған біздерге түрлі іс-шараларды өткізетін орындарды жалға алу да арандарын ашып өте қымбат сұрайды. Біздің бар тапқан-таян-ғанымыз іс-шара өткізу мен нау-қас балаларға қандағы глюкозаны анықтайтын тестжолақтар сатып алудан да артылмайды. Өткен жылы біз 600 мың теңгеден астам қаржыға осындай   тестжолақ сатып алдық. Оның біреуі төрт мың теңгеге жақын, сондықтан оған науқас балалардың бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Бірақ, жақсының жақсылығын да айту керек, іс-шара өткізетін жерді тегін беріп, бізге үнемі қолдау білдіріп келе жат-қан "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалына айтар алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, ашыл-ғаннан бері бізбен бірге жұмыс істеп келе жатқан қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Әсия Бәйменоваға, эндокринолог дәрігер Майра Нұрмағановаға, "НацЭкС" АҚ облыстық филиалының директоры Азамат Жармановқа, "Ассалия" ЖШС директоры Дулат Шаяхметовке, "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалының кеңесшісі Елена Павленкоға, депутат Ирина Аронаваға да дән ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Биға Бірәліқызы.              
 
 
Қарлығаш Оспанова
Суреттерде: Биға Бисетаева; "Мархабат" ұйымдас-тырған іс-шаралардан көрініс.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓