Тұралағанына – төрт тәулік
19 желтоқсанда Қарасу ауданының Ушаков ауылынан 12 шақырым қашықтықта, яғни облыстық маңызы бар "Жолдама-Әулиекөл" тас жолы бойында тіркемесі бар КамАЗ көлігі бөгеліп қалған. Жүк көлігінде 26 бас жылқы бар. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап, "Алау" порталы хабарлайды.
Қазіргі уақытта 3 тәулік тұралап қалған фураны құтқару қызметі кезекшілікпен күзетуде. Әуелде құтқарушылар КамАЗ жүргізушілеріне таяу маңдағы Ушаков селосына "қонақтай" тұруға ұсыныс жасаған еді, бірақ олар бас тартқан.
Құтқарушылар, Ушаков селолық округінің әкімдігі, жергілікті кәсіпкерлер жапа шегушілерге тиісті көмек көрсетіп, оларды азық-түлік, ыстық шаймен қамсыздандырып, жылқыларға жем-шөп апарып берді.
Дәл қазіргі уақытта арнайы техникалар "Жолдама-Әулиекөл" аралығындағы қарды тазалап біткен. Бірақ жүк көлігі өз еркімен орнынан қозғала алар емес, ауыр техникалармен тіркеп сүйреу қажет. Ол жерге "Кировец" тракторы көмекке жіберілді.