Ең соңғы қылмысты өзіне жасады
Облыстық ІІД баспасөз қызметі өткен аптада өз-өзіне қол жұмсаған Қарабалық ауданындағы Гурьянов ауылының тұрғыны Тарас Сердаловқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы аудандық "Айна" газеті хабарлайды.
Ол бірнеше рет істі болғаннан кейін өз өмірімен есеп айырысқан. Ең бірінші рет Тарас осы жылдың наурыз айында ұрлық жасағаны үшін сотқа тартылды. Үкім бойынша 1 жылға бас бостандығынан айрылып, рақымшылықпен бостандыққа мерзімнен бұрын шыққан. Тамыз айында ол тағы да тәртіп сақшыларының назарына ілігеді. Іс материалы бойынша, айыпталушы бұл жолы спирттік ішімдік тұтынған компанияға тап болған (ол өзі сау күйінде жұмысына бара жатыпты). Мас адамдардың бірімен төбелесіп қалады: Тараспен жағаласқан қарабалықтық жігітті кафе алдынан бассүйек-ми жарақатымен облыстық ауруханаға алып кеткен. Жәбірленуші қызының өмірге келгенін тойлатып отырған кезі екен… Оған бүгінге дейін екі рет ота жасалған, тағы бір күрделі операция күтіп тұр. Жәбірленушінің әлі күнге дейін тілі икемге келмейді, есінен айрыла береді. Сот-медициналық сараптамасы бұл дене жарақатын денсаулыққа тиген ауыр зақым деп таныды.
Тарас сот алдында өз кінәсін мойындады. Бірақ, жәбірленушінің төбелесті бірінші бастағанын, одан қорғанғысы келгенін алға тартты. Тарас бірінші болып соққы жасағанда қарсыласы есік жақтауынан жердегі төсемтасқа баспен құлаған. Ауыр жарақатқа осы себеп болуы мүмкін.
Айтпақшы, Сердалов жапа шеккен отбасыға сот үкімі шықпай тұрып-ақ материалдық шығын төлеген. Сондықтан, осыны ескере отырып, сот оны қамауға алмауды шешті. Оны шартты түрде, пробациялық бақылаумен 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оның сыртында, оған моральдық залал үшін 700 мың теңге көлеміндегі компенсация төлеу міндеттелді.
Көп күн өтпей жатып ол Қарабалық ауылының саябағында тағы ішкен күйінде ұсталады. Медициналық куәландырудан өтуді міндеттеген полицейлерге қарсылық көрсетеді. Бұл әрекеті үшін әкімшілік жазаға тартылады.
Осындай тізбекті тәртіпсіздіктерден соң Тарас трагедиялық шешім жасағанға ұқсайды. 22 қараша күні 21 жастағы жігіт өзінің гаражында дарға асылып жантәсілім етті. Қазіргі күнге дейін сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.