БАЙЛЫҚ

         Бір дана әйел жер жүзін шарлап, сапар шегіп жүріп, бір күні   мөлдір  бұлақ табанынан қымбат тас тауып алады. Сол күні оған бір  адасып жүрген жолаушы кездесіп, бірнеше күннен бері нәр сызбағанын айтып, жейтін тамақ сұрайды. Әйел екі сөзге келместен  қоржынын ашып, тамағын алып жатқанда, ап-ауыр бағалы тасты көріп қалады.Әлгіге қызыққан  жолаушы әйелден: «Бұл тасты маған беріңіз әрі өзіңізге де жеңіл болады»  деп сұрайды. Әйел  мүсәпір кісіні аяп, күлімсірей қарап, ойланбастан тасты жолаушыға береді.
        Содан екеуі екі айырлып, өздері қалаған жолдарына түсіп жүріп кетеді.
        Жолаушы жолда  аяқ астынан қолға түскен олжаға таңырап келе жатады. Ол бұл тастың  бағасы өте қымбат тұратынын, сатса, ғұмырының соңына дейін алаңсыз, күйлі өмір сүруге болатынын білді.
        Бірақ ол  арада бірнеше күннен кейін ол әлгі әйелді іздеп тауып алып:
-Мен  бұл тастың аса қымбат бағасын ойлана келе  өзіңізге оны қайтарып беріп, мен сізден бұдан да қымбат дүниені алсам ба деген үмітпен келдім. Сіз танымайтын мүлде бейтаныс кісіге ойланып жатпастан асыл затты бірден ұстата салған нендей құдірет екенін түсіндіріп, мені соған баулысаңыз қандай жақсы болар еді!-депті.
Таяуда ғана осы әфсананы оқығанда есіме түскені..менің Жалғас деген нағашым бар. Өзі атбегі. Кішкентайынан ат құлағында ойнап өскен, жүйрік баптаудың кәнігі маманы. Оның «Кертайлақ» атты бір мықты бәйге аты бар. Үш жылдан бері алдына қара салған емес. Биыл бәйгеден сол аты «Ланд Крузер» автокөлігін ұтып алды. Жәкең көлігін өзі айдап, ауыл мен аудан орталығына он екі шақырым қатынап тұратын. Бір күні ауданнан келе жатса үлкен жолдың бойында бір жігіт ағасы қол көтереді. Тоқтаған бетте жолаушы:
-Ағасы, сонау солтүстіктен келемін.  Анау жиекқұмдағы Ұланбелде әкем қайтыс болып, қазір түске таман қоятын еді. Жете алмай сорлап келемін. Жолыңыз түспес пе екен?-деп жалына сөйлейді. Жәкең екі сөзге келместен көлігінен түсіп:
– Мә, рөлге өзің отыр да тез жетіп үлгер.-деп өзі тұратын ауылды айтты да,басқа ләм-мим демей үйіне жаяу тартады. Жолаушы аң-таң қалып, жүз шақырым қашықтықта жатқан Ұланбеліне  көлікке отырып аттанады.. Арада үш күн өткеннен кейін көлікпен әлгі жігіт  ағасы келіп тұр. Жәкеңді құшақтап еңкілдей жылап:
– Әкеме бір уыс топырақ салып үлгердім, ағасы. Аудандағы ағайыным көлігін қимап еді, Сіз өмірі көрмеген, білмеген кісіге су жаңа қымбат көлігіңізді түсіп бере салдыңыз. Бұл жақсылығыңызды немен өтерімді білеймін. Айып етпесеңіз, мынаны,-деп іш қалтасына қолын сұға бергенде Жалғас оның білегінен шап беріп:
-Керек емес, әкеңнің арты қайырлы болсын.Алыстан жеткен ағайын екенсің, дастарханнан дәм татып  жүрерсің,- деп жолаушыны алып қалады.
  Сол Жәкең қазір де жаяу.  Биыл  үлкен ұлы үйленген. « Ланд Крузерді »  алғаш есік ашқан құдасына тұңғыш көрген қызығым ғой деп мінгізіп жіберіпті.
         P.S. Үлкен жиында бір бай кісі малының көптігін айтып мақтанып, отырғандарға қыр көрсетіпті. Сонда көпті көрген ақ сақалды  қария баппен сөз бастап:
-Байеке, алыс сапарға шығып, құм аралап жолаушылап келе жатып қатты шөлдеп, тарығып өлер халге жеткенде, біреу бір кесе суды көрсетіп «Малыңның бәрін қисаңыз осы суды беремін» десе, сіз не айтар едіңіз?»-деп сұрақ қояды.
-Бір жұтым су үшін малымның бәрін беретін едім, әрине,-депті бай кісі.
-Көп малыңыздың құны-бір-ақ жұтым су болса, ондай байлықтың несіне мақтанып отырсыз?-деп қария басын шайқаған екен.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓