Лексусы орға құлады, өзі айыпқа тартылды
Қостанайда Lexus көлігінің иесі жылдамдықты дұрыс таңдамай, жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 21 мың теңге айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қостанай облыстық сотының өкілдеріне сілтеме жасап.
Іс материалдарына қарағанда, 9 қарашада түнгі сағат 2.00-де азамат Мүкімбаев Lexus LX570 көлігімен Қостанайдағы ІІМ Академиясының маңында Арыстанбеков көшесімен келе жатып, дұрыс жылдамдық таңдамай, тізгінге ие бола алмай қалған. Сөйтіп, ол қазылған орға түсіп кетіп, "Мега" ЖШС-на материалдық шығын келтірген.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігінде қарастырылған ережені бұзған. Қостанайдың мамандандырылған әкімшілік соты 1950 жылғы азамат Мүкімбековқа қатысты істі қарап, оған мемлекет кірісіне 10 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.