Жаңа балабақша – «Жансая»
Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында Әулиекөл ауданында «Жансая» балабақшасы ашылды. 50 орынға арналған бөбекжайдың ашылу рәсіміне аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов, сондай-ақ, ата-аналар және жергілікті тұрғындар қатысты. Алдымен, аудан басшысы жұртшылыққа өз ойын білдірді.
– «Жансая» балабақшасы – Тәуелсіздік тойы қарсаңында біздің ауданға жасалған маңызды тарту. Бала – біздің болашағымыз. Ендеше, баланы қуантқан сәттің де қадірі де үлкен болмақ. Мұнда бөбектерімізді екі тілде оқытады. Осындай сый жасап отырған құрылтайшыға мың алғыс, – деді Жансұлтан Тәукенов.
Ал «Жансаяның» негізгі бастамашысы – Әулиекөл ауданының құрметті азаматы Жанділдә Мақанов. Бұл – оның бұл көптен бері көздеген мақсаты.
– 2014 жылы маған «Әулиекөл ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Сол кезде жұртқа пайдалы бір ғимарат ашып беремін деп уәде еттім. Менің ойымша, балабақша – жақсы таңдау. Мұндай мүмкіндіктің туғанына ата-аналар да өз ризашылықтарын білдіруде, – деді Жанділдә Мақанов.
Мұнда жас өскіндерді сапалы тәрбиелеп, ой өрістерін арттыру барлық жағдай жасалған, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Әр бөлмеге ерекше көңіл бөлініпті. Бөбекжай қаңтар айынан бастап өз жұмысын бастайды.