Берекесі мол Мәуліт
Жаһандағы мұсылман жұрағатының мәнді мерекесіне айналған, қуаныш пен шаттықтың күні болған «Мәуліт» – Пайғамбарлардың соңғысы және ең үстемі Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні. Берекеті мол мерекені Қостанай өлкесі де тыс қалдырған жоқ. Қостанай қалалық мешітінде Пайғамбарымызға арналған салауат оқылды. Мешіт жамағатына ахирет Пайғамбардың ғибратты өмірінен насихат айтылды. Мерекеге орай 270 адамға арналған дастархан жайылып, ас берілді. Мерекелік асқа Қостанай өңіріне белгілі азамат Орал Таңжарықов демеушілік жасап, елдің ақ батасын алды. Одан соң Қазақстан жазушылары одағының мүшесі, ақын Ақылбек Шаяхмет өлеңін оқып, жылы лебізін білдірді.
– Осындай жақсы заманда, әрбір пенденің Хақ Құдайды танып, имандылығын паш етуге бар жағдай жасалған кезеңде өмір сүріп жатқанымызға Аллаға сансыз шүкіріміз болсын! «Тәуба» дейміз, бұл жақсы күндерге халқымыз оңай жеткен жоқ. Сондықтан, бізге мұндай нығметті қастерлеп, келер ұрпаққа ешбір шашау шығармай жеткізу басты мұрат болары сөзсіз. Осы ретте халықты береке-бірлікке, діни сауаттылық пен имандылық ұстанымдарына шақыруға негізделген діни мерекелердің алар орны бір төбе дер едім. Бүгінгі ұлық мерекеге жиылған әр мұсылманның отбасына амандық тілеймін, адал қызметтеріңізді сауаптан жазсын, – мешіттің бас имамы Шоқан Әмірханов.
Рухани мәжіліс соңында Қостанай қалалық мешітінің Бас имамы Шоқан Әмірханов жиылған жамағатқа рахмет айтып, мешітке жәрдемдесіп, өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға алғыс хат тапсырды.