Серікболсынға сәттілік серік болды (БЕЙНЕ)
Серікболсын Кішкенбаев "МузАрт" тобының жаңа құрамына кірді. Бүкіл алашқа әйгілі трио ұйымдастырған "МузАрт Live" тележобасы қорытындыланып, жерлесіміз, жас әнші жеңіс тұғырынан көрінді.
Өздеріне ізбасар топ жасақтауды мақсат тұтқан Мейрамбек, Сәкен және Кенжебек бұл жобаны он ай бойы жүргізген еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 12 мыңға жуық үміткер қатысты. Телевизиялық сынға солардың небары 60-ы ғана жолдама алды. Іріктеле-сұрыптала келе әншілік шеберлігін паш еткен 8 жас вокалшы гранд финалда өнер көрсетті. Әрине, олардың құрамында сан түрлі сынақтан мүдірмей өтіп келген торғайлық Серікболсынның бәсі басым еді. Шарт бойынша, сегіздіктің тек біреуі ғана халықтың ең көп дауысын жинап, жасақталғалы отырған топтың мүшелігіне алынады. Ал қалған үшеуін үш қазы ("МузАрт" тобының мүшелері) таңдауы керек болды. Жобаның ақырғы айналымында Серікболсын «Келеді кездескім» әнін орындады. Шығарма Арман Бексұлтанның әніне, Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған.