Жайдарлы жаз, шаттық күлкі

Жазғы демалыстың нағыз қызған шағы. Біз балалар демалып жатқан лагердеміз. Мұнда облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері орналасқан. Олар үшін жазғы демалыстың жөні бір бөлек. Еш алаңсыз өтіп жатқан уақыт. Ауа райының салқындығы мен жауынды болуы бұл жердегі қызу тіршілікті сәл де болса бәсеңдеткен сыңайлы. Балалардың барлығы да қымтанып киініп алған. "Үйіміз салқындау" деп күледі біреуі. Шынымен де мұнда орналасқан бірнеше корпусты үйлердің іші сап-салқын. Біз барған шақта күннің көзі күлімдеп, айнала енді ыси бастаған болатын. Соның әсері ме, жеткіншектердің көңілі көтеріле бастады. Әрбір үйде 20-25 баладан. Тәрбиешілері бар. Байқағаным, әрбір ауланы балалар ерекше безендірген. Ал, лагерь орналасқан жер тамаша. Ауасы да кең. Қаладан келген біздер үшін бұл жақсы демалыс болғандай.
IMG_8422
 
Футбол алаңы тамаша сыйлық
 
Қазіргі кезде еліміздің әр же-рінде демалыс кезінде балалар-ға арналған жазғы сауықтыру және демалыс лагерлерін ұйымдастыруға, балғындардың бос уақытын тиімді өткізуге барынша көңіл бөлініп отыр. Лагерь бірнеше ауысым бойынша жұмыс істейді. Балалар үйінің тәрбиеленушілері тек жазда ғана емес, қыс айларында да келіп, шаңғы тебеді, шанамен сырғанайды, табиғат аясында болады. Алаңсыз демалыстарын өткізіп жүрген балалардың көңілді демалып жатқандығы жүздерінен-ақ байқалады.  Мұнда  балалардың  демалуына  барлық жағдай жасалынған. Монша, кітапхана, бассейн, компьютер залы жұмыс істеп тұр. Олардың емін-еркін ойнауына арналған арнайы алаңдар жабдықталған. Тәрбиешілер ретінде жауапкершілгі мол, тиянақты жандар тартылған. Балалардың түрлі үйірмелерге қатысуына, спортпен айналысуына, еңбекпен шұғылдануына мүмкіндіктері бар. Облыс әкімі футбол ойнайтын алаңқайды сыйға тартыпты. Бұл олар үшін тамаша сыйлық болды. 
IMG_8513цв
Жылуға жарымаған үй
 
Негізі аталмыш балалар үйіндегі қазақ тобын бұрындары да жазған болатынбыз. Олар да оқырманнан көмек күтетінін білдірді. Балаларға базарлық болсын деген мақсатпен оларды жеке-жеке суретке түсіріп, портрет суреттерін өздеріне сыйға тартуды ойладық. Фототілші бал-ғындарды табиғат аясында естелік болады деп әрлі-берлі суретке түсіруде. Бізді бастап апар-ған қазақ тобының тәрбиешісі Айгүл Әбілқасымова апаймен әңгімеміз қызған. Апайдың да айтары бар.
– Лагерьде  балаларға  арналған 6 корпус бар. Соның ішіндегі ең кішкентайы бізге бұйырыпты. Бөлмелері де тар. Айналатын жер жоқ. Екі жыл болды басқа кеңірек үй сұрап келе жатқаныма. Үнемі қазақ балалары шеттетіледі  де  жүреді, –  деп қынжылысын жасырмады. Шынымен де бөлмелердегі қатар-қатар керуеттер тығыз орналасқан. Біздің қасымызда отырған Темірлан да әңгімеге араласты. "Шынымен де бөлмелер тар. Теледидарды жерге жатып алып қараймыз. Анау тұрған үйді алсақ қой", – деп қолын шошайтты өзге корпусты меңзеп.
Бала көңілі арамдықты білмейді. Ол өзінің әжесі келіп-кеткенін айтып мәз. Ата-анасы араққа салынып кеткен балғын анасын сағынатынын мұңая жеткізді. Бір қызығы балалар біздің қасымыздан шығар емес. Әр қайсысы өз жаңалығымен бөлісіп, есімімізді сұрап, әңгіме айтып жатыр. Бірақ қай-қайсысының болмасын көздерінде мұң.
– Әр баланың өмірбаяны жантүршігерлік. Отбасында көрмеген зомбылықтары жоқ. Бала болса да бәрі көз алдарында жатталып қалған. Біздер сол естелікті өшіріп, өмірді өзге қырынан көрсеткіміз-ақ келеді, – дейді тәрбиеші Самал Дүкеева. Демалыс базасындағы балалар  үшін  қиындық  туғызатын басты проблема қазір жатар орынның салқындығы орынның салқындығы мен дәретхананың сыртта болуы.
– Осы үйлер жылытуға жарамды  әрі  кәріз жүйесі қалыпқа келтірілген болса жақсы болар еді. Жаздың салқын күндерінде жатар орынның жылырақ болғаны жақсы, – дейді лагерь бастығы Ольга Щепотьева.
 
IMG_8415цвКөмек берген азаматқа мың алғыс
"Апай, анда небір жидектер өседі. Жүріңіз, мен сізге көрсетейін" деп қасымнан бір елі қалмай жүр 10 жасар Әсия. Әсияның да тағдыры қиын. Апасынан 7 жастағы інісі Алтынбек те қалар емес. Апалы-інілі балғындар суретке түскендеріне риза. Қолдарына гүл жинап алған.
– "Қостанай таңы" газетінде шыққан "Шапағат" жобасынан кейін  бізді  іздеп Руслан есімді азамат келді. Кәсіпкер екен. Балаларға спорт құралдарын, жылы киімдер әкеліп берді. Тобымдағы Зарина есімді қызымыз 9 сыныпты бітіргелі отырған болатын. Қызымызға мектеп бітіру кешіне киетін көйлек, туфли әкелді. Қызымыз жайнап шыға келді. Тобымызбен қуанып қалдық. Көмек берген азамат газет бетіне шыққанын қаламады. Осылайша редакция ұжымының бізге көмегі тиді, – деп қуаныштарымен бөлісті апайлар.
Міне, балғындардың жазғы демалыстары осылай өтіп жатыр. Мемлекет оларды қараусыз қалдырмайды. Тамақтары тоқ, көйлектері көк. Бірақ болашақтары не болмақ? Көңілді осы алаңдатары белгілі. Бойжетіп, бозбала атанып қалғандар жағы келешекті көбірек ойлайды. Ал, кішкентайлар әлі ойын баласы болса да жүректерін кернеген сағыныштан арыла алмай жүргендері білінеді.  
 
Айтолқын Айқадамова
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓