Заңсыз берілген жер телімдері қайтарылып алынуда
Биылғы жыл басынан бері өңірімізде прокуратураның араласуымен «бармақ басты, көз қыстымен» үлестірілген 76 мың гектар аумақты құрайтын 86 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл туралы құзырлы органда өткен баспасөз мәслихатында облыстық прокуратураның аға прокуроры Нұрбол Әбдірахманов мәлімдеді.

Прокурорлар сондай-ақ, билік тарапынан өрескел заңсыздықтардың орын алатынын да тізіп берді. Мәселен, Қостанай қалалық әкімдігі облыс орталығындағы Әл-Фараби даңғылы мен Набережный көшелері қиылысында орналасқан жер телімін мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтару туралы қаулы шығарады. Бұл қаулы қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімінің Әл-Фараби даңғылы мен Набережный көшелері бойында көп қабатты тұрғын үйге жобалау жүргізу мақсатында делінген хаты негізінде орындалған. Алайда құзырлы орган қызметкерлері аталған аумақта алдағы екі жылда ешқандай құрылыс жобасын қаржыландыруға қаражаттың бөлінбейтінін анықтаған. Ал заңсыз қаулының күші жойылды.
Шұға Қоңқабай