Парламенттік жүйе еліміз үшін жеткіліксіз деп санаймын – ҚР Президенті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде орын алып жатқан саяси реформаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысына қатысты «Президентке қандай да бір саяси партия қатарында болудың қажеті жоқ» деп шешім қабылдадым және бұл тәжірибе болашақта да қолданыста болатын шығар. Яғни, қазіргі уақытта мен партия қатарында емеспін. Мұның үстіне еліміз үшін маңызды Президенттің жақын туыстарына қатысты норма енгізілді. Жаңа Конституцияға сәйкес олардың мемлекеттік қызметте лауазымда болуына және квазимемлекеттік секторда, яғни мемлекеттік компанияларда басшылық қызмет атқаруға құқығы жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында.
Президенттің атап өтуінше, қазіргі жағдайда биліктің парламенттік жүйеге көшуі қисынсыз болар еді.
«Бұл іркіліс пен қарама-қарсылық жүйесін күшейте түседі деп ойлаймын. Меніңше, бұл – дұрыс жүйе. Өйткені, Қазақстандағы азаматтық қоғам толысқан. Дәл осы жүйеге сұраныс өте жоғары. Батыстағы кейбір белсенділер мен байқаушылар үндеп жүрген парламенттік жүйеге көшуге қатысты айтар болсам, әрине, мен бұл жүйені халыққа уәде еткенім жоқ және өте күрделі геосаяси жағдайда ол еліміз үшін жеткіліксіз деп санаймын. Президенттік республика, бірақ, күшті Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар. Айтпақшы, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын Президент лауазымына келмей тұрып-ақ ұсынған едім», – деді Мемлекет басшысы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓