Аламан қазақ баласы

Аламан қазақ баласының бұл күндері  жүрегін  лүпіл, көңілін қуаныш тербеуде. Ширек ғасырда пешенемізге жазылған періште тағдырымызды – ту қылып көтеріп, айбын қылып ардақтап, төрткіл дүниеге паш етудеміз. Сол  лүпіл, сол қуаныштың тұлабойында «түн ұйықтамаған, күндiз отырмаған, тебінгісі терге шіріген, терлігі майдай еріген, түн қатып жүріп,  түс қашып», бірін-бірі  дос-бауыр көрген ата-бабаларымыздың Рухы бары анық. Сол рухтың арқасында ұлттық мемлекетін құрған,  туған тіліне еркіндік берген, діліне кеңдік берген,  ұлан-байтақ  жеріне деген махаббаты оянған  жұрт  – қазақ елі!
Қазіргідей жанталасқан,  он сегіз мың ғаламның тағдыр – талайы бәсекеге түскен заманда 25 жыл толған Тәуелсіздік, бұл, қайталап айтайық  – пешенемізге жазылған періште тағдырымыз. Бұл бойымыздағы  ұлттық  тіл, діл, салт-дәстүр,  дін тұнған тағдырымыз.  Қазір осы  төрт қасиетті тағдырымыз үшін күрес, майдан жүріп жатыр. Айталық, «дүние – дүние болғалы  бастауында сөз тұрмақ!». Қойын -қонышымызға кіріп алған  малай тіл – орыс тілі мен кірпияз  ақсүйектенген – ағылшын тілі  қазақ СӨЗінің алдын орағытып тұр.  Ал ділімізді, жан-жүрегімізді иванның ащы суы мен бакстың буы меңдеп алса,  салт-дәстүріміз декоративтік жансыз құндылыққа айналып , дін дегенде исламның өзін де, оның ішіндегі  бізге тән  ханафи мазхабын да   түсінбей,  адаса бастадық.  Әйтсе де, ұлтымыздың болмыс тамыры мен тұғыры тереңде, берік. Сондықтан да әлі Қазыбек бабамыз айтқан мал баққан ел болсақ та, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт қашпасын деп, жеріміздің  шетін  жау  баспасын   деп,  найзаға  үкі  таққан  елміз.  Ешбір  дұшпан  басынбаған елміз, басымыздан  сөзді  асырмаған елміз.  Досымызды сақтай білген елміз,  дәм – тұзын  ақтай  білген  елміз.   Атадан  ұл  туса,  құл боламын деп тумайды,  анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.» деп намысқой, өрлігімізді ту еттік.
        Әйтсе де.. әулие Мөңке бидің сәуегейлігі: айнымалы, төкпелі бидің, халыққа бір тиын пайдасы жоқ, ай сайын бас қосқан жиынның,  ішінен  шынтақ  айналмайтын  Ежірей  деген  ұлдың, ақыл айтсаң  ауырып  қалатын  Бежірей деген қыздың,  алдыңнан   кес – кестеп өтетін Кекірей  деген  келіннің,  жастарға  билігі  жүрмейтін  кәрінің, бетіңнен алып түсетін  інінің, дүдәмалдау дінің, ала  шұбар  тілдің,  халықтың  қанын  сорған  надандардың, қабағын  түйіп  қайыр  тілейтін  адамдардың,  қиналғанда  шапағаты  жоқ  жақынның,  ит   пен  мысықтай  ырылдасқан     еркек пен  қатынның  беті  аулақ,  ондайды  көрмейік  деп тілейсің.   Бәрі, айналып келгенде,   «Біріңді,  қа­зақ,  бірің дос,  көрмесең  істің  бәрі  бос» (Абай) 
       Заманауи  тұрпаттағы  буыны бекіп,  бұғанасы  қатқан,  төрткүл  дүние отауы  – БҰҰда  көк туы желбіреген  Тәуелсіздік айдары жиырма бесте мемлекетіміздің әр азаматқа артар жүгі, салар салмағы барған сайын ауырлай бермек. Себебі, адамзат тарихында Тәуелсіздік тағдыры еш елге оңай болған емес.  Ендеше аламан қазақ баласына құйысқанды  қысқартып, төс айылды  нық  тартып, тізгінді  шарт түйіп, адамзат алманында сынға түсер шақ туды. Жиырма бестегі
Қазақ елінің әр перзентінің  ет – жүрегі,  қан – та­мы­рында  қазақ  деген  сезімі,   жа­на­рын­да Тәуелсіздік  деп  жа­нып  тұрған  оты маздай берсін! 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓