«Қайдан  тауып  жазасыз?»

      Журналистер  күні  қарсаңы ғой, айтайын. Соңғы  кезде  жұртпен бас қосыла қалған кездің  кей  сәтінде:  «Осы Сіз «әлеміңізге» тақырыпты қайдан тауып жазасыз?»-дегенді шынымен-ақ  алдымен сұрайтыны  бар. Сауалына  қарай  жауабы деп,  жаттанды жауаппен оңай құтыла салуға болар еді. Әйтсе де жазудың адамына сананы  сансыратқан  түйсік-ойларды мидың «домна пешіне» ұзақ қорытып, пісірмесе,  қиямет-қайым екенін қалай жасырасың. Ал кейбір сәтте оймақтай ой санаңның шоғына түсіп кетсе, әп-сәтте  «қақтап»  ала  қоясың. Сондай-ақ,  аяқ астынан  зордың  күшімен  шығарсаң, бір кем дүние дей  беріңіз.   Енді  бірде  тіпті  қарапайым – өмірдің   өзі-ақ  айтып  тұрады,  көресің  де қалай тез жазғаныңды  өзің де  сезбей  қаласың.  Тағы бірде  тақырып көз алдыңда  күлім қағып,  сиқырланып  қолмен  ұстауға  «көнбей»   тұрса,  кейде құдай жарылқап  өз аяғымен сап ете қалатыны бар. Айтсақ…
      Бірде кәсіпорында істейтін  жүзтаныс інішектің  бірі  арнайы  келіп, екеуара сыр айтпақ сыңай байқатты.
–         Сіздің  «әлеміңізді» жібермей оқитынның бірімін, ағасы.  Көкейімді  әр нәрсе  мазалайды. Соны айтсам  деп келдім.  Бірақ, сіз секілді жаза алмағасын, одан да айтып көрейін деген бетім,- деп маған өтінгендей  пішінмен қарады.- Таңертең, түсте  және кешке дастарханға басымыз түгел қосылудан  қалдық, ағасы.
–          «Е, неге?» – Жүзіне тура қарадым.
–         Әкем таңғы жетіде бір кесе шәй ішер-ішпестен қызметіне кетеді. Анам да жарты сағаттан кейін жұмысына барады. Ағам да сегіз шамасында үйден шығады. Мен болсам студентпін. Сабақ кестесіне сәйкес әр кезде әр қалай. Сенбі-жексенбіде әкем саяжайға, шешем фитнес клубқа,  ағам достарына барады. Мен  түнгі қыдырыстан ұйқымды қандырып барып бір-ақ тұрам.  Күнделікті жеңіл-желпі аман-саулықтың  ырымын  жасап, бір-екі ауыз сөйлескеніміз  – қан-сөлсіз әдеттен басқа ештеңе емес.  Ойлап отырсам, төрт көзіміз түгел отырып әлі бір шәй ішпеппіз. Керек десеңіз, біз бір-бірімізбен бір көсіле шешіліп, жай-күйімізді сұрап, рахаттана мәслихат құрмағанымызға  біраз  жылдар  болыпты.  Бейне бір  қонақ үйде тұрып  жатқан секілдіміз.  Үйімізге қонақ жылына бір-екі рет келсе келер,  әйтпесе ол да жоқ. Мен кейде ет асып, бәріміз әке-шешемізбен бір  дастархан басында   рахаттанып,  арқа-жарқа  дидарласуды  армандаймын. Бірақ  әке-шешемнің, ағамның  да  бұл  ойына кіріп-шықпайтын секілді. Тіпті  үй ішіндегі  ұсақ-түйекті кезекші  дәптерге  жаза саламыз да, әрқайсымыз өз тірлігіміздің жетегінде кететін  болдық.  Оны айтасыз, дастархан басындағы қарапайым  әдеп пен әдеттен де мақұрым қалдым ба деп  қорқамын.   Дос-жарандарға  барсам, олардікі де маған ұқсайтындай көрінеді.  Сонда, ағасы,  Қарашаңырақтың  қадірін кетіріп барамыз. Мен  не  істеуім керек?- дейді  студент  інішек. Шынында да бозда жүрген бозбалаға не айтасыз?…
      Міне, тақырып осылай табыла кетті…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓