Тағдырлары тоғысқан тетелестер
Нұрқанат пен Айжан – Тәуелсіздіктің құрдастары. Шаңырақтарына шаттық ұя салып, махаббаттары бақытқа ұласқан тату-тәтті отбасы.
Нұрқанат Бұқабаев зайыбымен танысқан күнді қызықпен еске алады. 2011 жыл. Екеуінің де студент кездері. Алайда бозбала сол шақтарда-ақ өз мамандығы бойынша, яғни журналист болып "Қазақстан-Қостанай" облыстық телеарнасында жұмыс істейтін…
– Алғаш "Агент" әлеуметтік желісі арқылы таныстық. Бірақ қанша тырыссам да кездесуге көндіре алмай жүрдім. "Сабағым көп", "уақытым жоқ" дейтін сылтауы бітпейтін, – деп жымиып қойды Нұрқанат. – Дәл Тәуелсіздік күні ҚМПИ-да мерекелік іс-шара өтетін болып, түсіру тобымен сонда бардық. Сөйтсем, әлгі виртуалды танысым сол маңда жүр. Қазақы көйлек киген қараторы қызды жазбай таныдым. Мүмкіндікті жіберуге бола ма – жуықтап барып, телефон нөмірін сұрап тұрып алдым…
Осылайша, Тәуелсіздік құрдастары Тәуелсіздік мерекесінде тіл табысқан. Одан әрі – кездесулер, сейіл-серуен, кинотеатрдың "табалдырығын тоздыру". Ақынжанды жігіт іңкәріне жиі өлең де арнайтын…
Екі жылдан соң жұптары жарасқан екі жас шаңырақ көтерді. Бір мұрат жолында жолыққан екі тағдырдың баянды тіршілік етіп келе жатқанына да төрт жылдың жүзі. Екі бірдей торсық шекелі ұл сүйді. Нұржандары үшке толады, кенже ұл Ғалинұр – 1 жаста. Үлкені – ата-әжесінің баласы, Ғалинұрды ғана "жекеменшік ұлымыз" деп еркелетеді олар.
Жалпы, жергілікті журналистикада Нұрқанаттың есімі, жас та болса, жақсы таныс. Қостанайдағы С.Мәуленов атындағы мектеп-гимназияда оқып жүрген кезден-ақ шығармашылық тұрғыда белсенді болды. "Әдебиетке деген, өлеңге деген құштарлығымызды оятқан Бизада Мұқашева апайымыздың есімін ерекше айтар едім. Өте білікті ұстаз әлі күнге дейін сол оқу ошағында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүр", – дейді. Қазір Нұрқанат Қазақстан-Қостанай облыстық телеарнасының және "24kz" арнасының "Мәдениетке саяхат" бағдарламасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет етеді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2006 жылы Қостанайға іссапармен келгенде 1991 жылы туған облыстағы үлгілі оқушылармен кездескен болатын. Әңгіме-дүкен құрып, батасын беріп, естелік суретке түсті. Сол көп оқушының арасында Нұрқанат Бұқабаев та бар еді.
– Есімде, Нұрсұлтан Әбішұлы облыс орталығындағы №10 орта мектептің ашылуына қатысты. Осы маңызды шара аясында Тәуелсіздік құрдастарымен арнайы түрде кездесу өткізді. Дидарласу барысында кемеңгер саясаткер, сарабдал тұлға елдің ертеңі біздің қолымызда екенін қадап айтқан еді. Сол кезде санама сіңген оның аманат сөзіне кірбің келтірмей келе жатырмын деп ойлаймын. Біз – бақытты ұрпақпыз. Демек, осы бақытты баянды да мәңгілік етуді парызымыз деп түсінуіміз керек! – дейді Нұрқанат Омарұлы.
Ол "Отанды сүю отбасынан басталады" дейтұғын ұстанымға берік. Сондықтан, отбасы құндылығын басты орынға қойып, соңынан өрген көбелектерін Отанның нағыз патриоттары етіп тәрбиелеуді әкелік, азаматтық мақсаты тұтады.
Ж.Балғынбекұлы
Суретті түсірген Айбек Жүзбай