«Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі»
Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн аясында «Ашық есік» күні өтті.
Іс-шара аясында жалпы білім беретін мектептің 5-6 сынып оқушылары ата-аналарымен бірге мектепті аралап, Зияткерлік мектептің оқу үрдісімен таныс болды. Қонақтарды мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы қарсы алды.Іс-шара мерекелік концерттен бастауын алды. Концертте мектеп директоры Д. Сапақов жиналған қауымды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай отырып, 5 оқушыға EXPO-2017 көрмесіне жолдама беретін сертификаттар табыстады. Сондай-ақ, Bookcrossing «Білімнің көзі – кітапта» акциясы аясында мереке қатысушыларына түрлі жанрдағы кітаптар сыйға тартылды.
Каникулярлық және виртуалды мектепке тіркелу мен қабылдау, оқу мүмкіндіктері жөнінде директордың орынбасарлары Қуанышбаева Н.Ж. мен Татимбеков Р.Ш. сөз сөйледі.Салтанатты концертте қонақтарды мектеп өмірімен әлеуметтік тәжірибелер, үйірімелер мен негізгі бағыттағы «Туған елге тағзым», «Шаңырақ», «TEDx NIS», «Қазақтың 100 күйінің тарихы», «100 кітап», «Қазақтың 100 әні», «Bookcrossing» акциясы, «Қазақша Wikipedia» сияқты сабақтан тыс іс-шаралармен таныстырды.
Оқушылар топтарға бөлініп, сабақтарға аттанды. Ұйымдастырушылар ғылыми сабақтардан, шет тілдері, өнер, информатика, гуманитарлық ғылымдар, математика, ойлау дизайні, робототехника, нано және биотехнологиядан қызықты да танымды сабақ жоспарларын құрастырды. Мәселен, робототехника үйірмесінде оқушылар роботты құрастыру мен оны бағдарламалауға үйренді. Үзіліс кезінде оқушылар ән шырқап, би билеп, мектеп ішін шат-шадыман күлкіге толтырды.
Күннің екінші жартысында оқушылар түрлі шығармашылық-шеберлік үйірме сабақтарына қатысты. Драма үйірмесі, Country study, Discovery, кәсіпкерлік іс, макеттерді модельдеу, Science party т.с.с.Кішкентай қонақтарымыз үшін физика, химия, биология мұғалімдерінің ғылыми тәжірибелер жасауы қызықты тосынсый болды. Бүлдіршіндер аса қызығушылықпен байқап қана қоймай, тәжірибеде ат салысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара соңында оқушылардың барлығы «Алға, Қазақстан!» жастар биін орындады. «Атамекен» патриоттық әнін шырқап, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен жеңісін бағалау мен құрметтеуге шақырды. Өз кезегінде барлық қонақтар іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.