Тәуелсіздік – тәу етер кие
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Осы жолда қаншама ата-бабаларымыз тер төкті, ұлымыз құл, қызымыз күң болмасын деп қиын күндерді өткізді. Еліміз әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өткізіп келеміз.
Тәуелсіздік алған ширек ғасырдағы жетістіктердің қатарында спортшылардың да орны ерекше. Бұл ретте ұлттық өнеріміз – қазақ күресінің жөні бөлек. Уақыт жылжыған сайын, құндылығымыз дәріптеліп келеді. Халықаралық ареналарда да біздің көк туымыз желбіреп, рухымызды асқақтайды, айбынды әнұранымыз шырқалғандағы сезім де алабөтен.
Қазақ күресі – әлемдегі ең тарихы терең спорт түрлерінің бірі. Қазақтың ешбір ұлы тойы мен мерейлі мерекесі онсыз өтпеген. Қазір осы үрдісті жалғастырсақ, жастардың бойына ұлттық рух пен намысты ұялата аламыз. Намыс дегеннен шығады, осы тұста сәл қынжылып қаламыз, қазіргі таңда ауылдардағы қаракөздерімізді де ойлау керек. Біздің болашағымыз – мектептегі жас палуандар. Мәселен, осы ұлттық спортымыз кей аудандарда тұралап қалған. Соларға жан бітірсек деймін. Кезінде қазақ күресінің дамуы үшін аянбай еңбек еткен Эдуард Довгийдің қол астында жаттықтым. Кейін Олжабай Сәрсенбаев ағамыздан көп нәрсені үйрендік. Қазір бұл тізімді Бейсенбай Әубәкіров жалғайды. Міне, осындай мықты-мықты бапкерлер әр ауылда жүр. Тек оларды қолдау қажет. Сонау ықылым замандардан бері қазақ білекті азаматтарына қара күштің киесі дарыған жан деп қана қарамай, ұлт қуаттылығын, ел құдіретін танытар өнер иесі деп қадір тұтқан. Бүгінгі таңда қазақ күресінен әлем, Еуропа, Азия біріншіліктері өткізіліп тұрады. Тағы бір жөні бөлек тағы екі дода бар: «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы». Бұл сындарға әр облыстың, еліміздің «мен» деген палуандары қатысады. Менің ойымша, осындай жарыстар арқылы жастардың спортқа деген талғамын арттырып, салауатты өмір салтын нықтап қалыптастыра аламыз.
Ерлан Омаров, «Қостанай қыраны-2016» турнирінің жеңімпазы, қазақ күресінен ҚР спорт шебері.