Әнім саған арналады…
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде патриоттық әндер фестивалі өтті.
-Кештің басты мақсаты – балалар бойындағы шығармашылыққа деген талпынысын, олардың дамуына қолдау көрсету, дәстүрлі әнді дәріптеп, кең ауқымда өрбуіне атсалысу, ұлтымыздың мәдени өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Әннің терең мазмұнды мәні оятар»,-деп Абай атамыз айтқандай, қазақ деген ұлы да ғұлама, өнерлі де өрелі халықтың ұрпақтары екенімізді мақтаныш тұта отырып, сахна төрінде нақышына келтіріп ән салған көріністі біздің оқушы өнерпаздарымыздың бойынан көруге болады. Атадан балаға асыл мұра, қазына болып қалған ән өнерін келешек ұрпағымыз жалғастыруда, – деді Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Ләззат Бәйтенова.
Оқушы балалар өнер фестиваліне үлкен қызығушылықпен қатысты. Ән таңдап, костюмдер дайындады, сахна декорациясын жасады. Сахна төрінде «Қазақ елі – осындай», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Мекенім – Қазақстан», «Ассаламалейкум», «Ұлы дала», «Егіз-лебіз», «Ұстазым», «Алға, Қазақстан» секілді тағылымды да танымал әндер шырқалды.
Сондықтан да мектепте өткен ән фестивалінен өскелең ұрпақтың бойында рухани байлығымызды дәріптелгенін, ұлттық тәлім-тәрбиені жастарымыздың бойына сіңіре отырып, эстетикалық сана-түйсігінің терең қалыптасуына, ізгілік пен адамгершілікке баулығанын көруге болады.
Гүлназым САҒИТОВА