Бар жанарды жаулаған…
Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының атсалысуымен ұйымдастырылған "Жайдарман" ойындарының финалдық басқышы Рудный қаласында өтті.
Аталмыш жобаның басты мақсаты — студенттер, жұмысшы жастар, ауылдың өнерлі жастары арасында мемлекеттік тілдің қолданысын дамыту, Қостанай облысында «Жайдарман» Қазақша КТК ойындарының қозғалысын өрбіту және осы жобаның қоғамға берер пайдасын арттыру.
Ойынды қыздырған командалар көптеген өзекті тақырыптарды қозғап, жиылған қалың қауымды күлдіре де білді, оларға ой сала да алды. «РИИ жастары», «Шабыт», «КС құрамасы», «Парламент», «Әдемі-ай», «Көшіп келгендер», «Ахмет ұрпақтары», «Калифорния» атты 8 команда қатысты. Олардың ішінде «РИИ жастары» жоғары ұпаймен жеңімпаз атанды. Осылайша, жылдан-жылға аудиториясы кеңейіп келе жатқан көңілді тапқырлар клубының кезекті бір маусымы аяғына жетті.
Жарасқан БЕКНАЗАРҰЛЫ,
Рудный қаласы.