Табыстың сыры

Ел азаттығын алған жылдары Президент  ең бірінші Қазақстан экономикасын көтеруді міндеттеді. Расында да осыған дейін тек шикізатқа тәуелді боп келген мемлекетке елді көтеру оңайға түспесі анық  еді. Сұңғыла саясаткер осыны дөп басыпты. Ізінше, ел ішінде біртіндеп ауылшаруашылық құрылымдары бой көрсете бастады. Өйткені, басқа басқа, дәл осы сала сыртқы және ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқарлы сала боп есептелді. Қазақ жерінің өзге байлығын игеру кезең-кезеңімен ат-қарылуы тиіс болды. Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында республика ауылшаруашылық құрылымын оңтайландырып, сол арқылы саланы жаңа деңгейге көтеру ісіне пәрмен берді. "Қарасу" сауда-өнеркәсіптік компаниясы міне, осы жылдары дүниеге келді.         

DSCN0287Бүгінде алып кешенді компанияға айналған ұжым осыдан тура  жиырма жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1996 жылы құрылды. Кәсіпорын басшысы – Алмат Тұрсыновтың есімі астықты өңірге ғана емес, тұтас елімізге мәшһүр.  Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен басшылық қасиетінің арқасында кәсіпорын аз жылда еліміздегі ірі ауылшаруашылық тауарларын өндіретін бірден-бір өндіріс ошағы атанды. Содан бергі ондаған жылдардың бедерінде бірқатар тың жобаларды жүзеге асырды. Әсіресе, компания астық және ет өндірісі саласында зор жетістіктерге жетті.

Сан-салалы кәсіпорын елімізбен қатар, алыс-жақын шетелдермен де тығыз байланыс орнатқан. "Қарасу" СӨК жағырапиялық жағынан республика аумағындағы барлық астық өндіретін және астықты қайта өңдейтін өңірлерді қамтиды. 
Агроөнеркәсіптік кешен бүгінде сапасы жоғары бітік егін де өсіреді, асыл тұқымды мал да ұстайды. Бір сөзбен айтқанда, "Қарасу" сауда-өнеркәсіптік компаниясы білікті мамандардың тынбай еңбек етуінің арқасында жылма-жыл жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Кәсіпорын құрамында астық өсіретін тоғыз шаруашылық, мал бордақылаумен айналысатын алты ірі шаруашылық, жоғары сапалы ұн өндіретін екі кәсіпорын және ет өндірумен айналысатын "Қарасу-ет" ЖШС бар. Компанияға қарасты барлық шаруашылық өндірісі қуатты базамен қамтамасыз етілген. Барлығы да замануи ауылшаруашылық қондырғылармен жабдықталған.
"Қарасу" сауда-өнеркәсіптік компаниясы мал шаруашылығын интенсивті дамытуға бағыт ұстап отыр. Қазір компания шаруашылығында алты мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара бар. Жаратылысында етті келетін қазақтың ақ бас сиырының салмағы орта есеппен 400 келіге жеткенде, оны компанияның Қостанай қаласының іргесіндегі ет өңдеу кешеніне өткізеді. Жоғарыда айтқанымыздай, "Қарасу" СӨК қарасты төрт кәсіпорын асыл тұқымды малшаруашылығы мәртебесіне ие. Бір ғана "Қараман-К" ЖШС-іне қарасты мал бордақылау алаңында 3 мың қара мал күтімге  алынған. Осыдан алты жыл бұрын пайдалануға берілген  шаруашылық та етті бағыттағы қазақтың ақ бас сиырларын өсіреді.
Серіктестік директоры Талғат Малаевтың айтуынша, алдағы уақытта мал басын өсіру жоспарланған. Ет өткізуде ешқандай іркіліс жоқ. Өйткені, бұлар мал өнімдерін алысқа апармайды.  Отандық өндірістің өрісін кеңейтіп келе жатқан кәсіпорынның бірі – Қостанайдағы "Қарасу-ет" ЖШС ет комбинаты жоғарыда айтқан "Қарасу" сауда-өнеркәсіп компаниясына қарайды. Заманауи жабдықталған кәсіпорында ет ең соңғы технологиялармен өңделеді. Өткен жылы кәсіпорын халық-аралық сапа сертификатына ие болды. Бұл құжат үлкен міндеттер жүктейді. Кәсіпорын шикізат дайындау, өнім өндіру, тіпті, оны тұтынушыға жеткізу қызметіне де жауапты.
Бұл кәсіпорында жетпістен астам адам жұмыс істейді. "Мұнда ет өнімдерін шығару және өңдеу бойынша жаңа технологиялық жүйе, яғни, құны 215 млн теңге тұратын "Шаллер" Австрия фирмасының қазіргі заманғы жабдығы орнатылды. Бұл жабдықтың ерекшелігі – автоматты сенсорлы жұмыс істейді, өте оңай пайдаланылады, дайын өнім мен шикізатты сапалы өңдейді, жылдам, жоғары өнімді", – дейді ет  комбинатының мамандары.  Қазіргі таңда "Қарасу-ет" ЖШС мал өнімдерін өңдейтін, яғни,  ет, шұжық және консерві шығаратын бірден-бір мекеме. Комбинаттың өндіріс алаңында қолайлы көлік және темір жолдары бар. Шикізат дайындайтын жерлерге көліктің тура жетуі шығынды аз жұмсауға мүмкіндік жасап отыр. Бір ауысымда 35 мың консерві, 10 тоннаға жуық шұжық, тартылған ет, тұшпара әзірлейді. Бір тәулікте 24 тоннаға дейін өнім шығарып, сатуға мүмкіндігі бар.
 – Біздің компания өз жерімізде жайылған мал еттерін ғана пайдаланады. Өйткені ол – экологиялық таза өнім. Технология бойынша шетелдік мал еттерін қабылдамаймыз. Көпшілікке мәлім,  Австралия, Бразилиядан әкелінген еттерге ылғал сақтау үшін түрлі қоспалар егіледі. Қатаң бәсекелестікке құрылған нарықтық экономикада ұсақ-түйек дүние жоқ. Тұтынушының талабынан шығу үшін ұдайы ізденісте болу қажет. "Қарасу-ет" ЖШС ет комбинатының бұл бағытта өз стратегиясы бар. "Қарасу-ет" ЖШС қазір шұжықтың 140 түрін шығарады. Мұның сыртында қазы-қарта, жал-жая, консервіленген, оралған ет өнімдері де біршама. Жалпы, жылына 900 тонна өнім өндіреді және мұнымен шектелмейміз,– деген еді "Қарасу-ет" ЖШС директоры  Бауыржан Қосшұғылов.
Компанияның тағы бір жаңа жетістігі сол, 2011 жылы Қараман ауылында органикалық қалдықтар өңдейтін кешен іске қосылды. Елімізде ешбір баламасы жоқ өндіріс ошағы жылына 800 000 куб метр электр қуатын өндіруге қауқарлы. Мал қиын далаға тастамай, одан тоқ өндіріп отырған кәсіпорынның келешегі зор. Әзірге ішкі сұранысты өтеп отырған кешен алдағы уақытта тұтас өңірді электрмен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Биогаз орталығы мал  бордақылау алаңынан қашық емес. Мамандардың айтуынша, бұл таза экологиялық өнім.
Жылына 16-17 мың тонна көң керек ететін биогаздық қондырғы үшін әр сиыр тәулігіне 9 кило тезек тастайтыны да есептелген.
– Биогаздық қондырғы толық күшімен жұмыс істегенде компанияның мал базаларының барлығы, механикалық қырман, орталық машина-трактор шеберханасы, жанар-жағар май стансасы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, тіпті жарық малшылар отырған ауылға да жетеді, – дейді жергілікті  мамандар.
О баста ауылшаруашылығының қос саласын қатар тізгіндеген компания бүгінде мал басын көбейтіп қана қоймай, оның сапасына аса мән беріп отыр. Қазақтың асылтұқымды ақ бас сиырларын өз төлінің есебінен көбейту арқылы бұлар жергілікті жерде тұтас ет кластерін қалыптастыруды ұйғарды. Мал шаруашылығын дамытудың алғы шарттарының бірі, қолдағы түліктің белгілі бір бөлігін сату арқылы табысқа кенелу. Бұл ретте "Қарасу" СӨК биыл төртінші рет аукцион өткізді.  Өз өңірлерінде асылтұқымды қара мал өсіруді қалайтын кәсіпкерлер жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен Қарасуға ағылады.
Мәселен, осыдан үш жыл бұрын алғаш рет ұйымдастырылған "KARASU Farm-2013"  аукционында  алпыс шақты қазақтың ақ бас сиыры, қырықтан астам Әулиекөл тұқымы және жүзден астам қазақтың тығыз жүнді, құйрықты қойлары сатылымға шығарылса, келесі жылы тағы отыз бес шақты  қазақтың ақ бас сиыры мен он бес Әулиекөл тұқымы саудаға түсті. 2015 жылы барлығы алпыс қара мал өз иелерін тапты.
 Жалпы, компанияның еншісінде мыңғырған малдан бөлек, техника мен жұмыс күші жеткілікті. Бүгінде бұларда 1000-нан астам түрлі техника мен 3000-ға тарта адам жұмыс істейді. Олар жылдар бойы бағалы тәжірибе алып, өнім өндіру саласында жемісті еңбек етеді. Осы арқылы "Қарасу" компаниясы еліміздің экономикалық һәм әлеуметтік даму үдерісіне лайықты үлес қосып отыр.
Әлеуметтік демекші, бесаспап маман, білгір басшы Алмат Жанәбілұлы басқаратын "Қарасу" сауда-өнер-кәсіптік компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де жақсы сезінеді. Соңғы он шақты жылдың өзінде компания жаңа спорт кешендерін, балабақша, мектеп, ойын-сауық орталықтарын, сұлулық салондарын, мейрамханалар, тұрғын үй құрылысын  салуға қаржылай қолдау жасаудан тартынған емес.
– Кез келген өндірістің алға жылжуы үшін, ең бірінші еңбек адамына лайықты жағдай жасау керек. Қоғамның басты құндылығы – адам десек, ең бірінші кезекте еңбек адамының тұрмысы, оның әлеуметтік жағдайы ойлантпай қоймайды. Сондықтан, әуелі халықтың мұң-мұқтажына қарайласуды басты парызым деп есептеймін, – дейді компания басшысы Алмат Тұрсынов.
 
Әлібек   ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген автор
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓