Жарқын Сабыржан, Аманкелді селолық округінің әкімі: “Лайықты өмір сүру әркімнің өз қолында”

Жанкелдин ауданындағы "Торғай" кеңшары кезінде ақтылы қой өргізіп, аты шыққан ірі шаруашылықтардың бірі болатын.Мұнда сол уақытта 45 мың бас қой өсірілді. Ет,сүт өндіруде мол табысқа кенелген кеңшардың тоқсаныншы жылдардағы кейпін көзге елестетудің өзі қорқынышты еді. Елді жайлаған жаппай жұмыссыздық салдарынан жайлы жер іздеп, өзге өңірлерге қоныс аударғандардың санында шек болмады. Ауылдың бір кездегі көз сүйсіндірер келбетіне селкеу түсті. Тек, кейінгі жылдары ғана ел еңсесі ептеп түзеліп,епсекті жігіттер жеке кәсіпті өздеріне серік ете бастады. Аманкелді селолық округінің әкімі Жарқын Сабыржанмен арадағы әңгіме осы ауанда өрбіді.
SAM_0903
– Жарқын Ғибатұлы, елдің жағдайы ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Осы жерде туып-өсіп, құмында аунап өскен азаматтар үшін туған жердің әр тасы қымбат. Білейін дегенім ауылдың қазіргі ахуалы нешік?
– Аманкелді селолық округіне әкім болып мен өткен жылы тоғызыншы тамызда тағайындалдым. Соған дейін Ақкөл ауылында қызмет істегенмін. Онымен салыстырғанда Шеген ауылында қордаланған проблема жоқтың қасы. Жері бай, шабындық жерлері жетеді. Суы да қашық емес. Жол мәселесі шешілген. Аудан орталығының іргесінде орналас-қан.Тұрғындар ауыз суды құдықтан тасып ішеді. Бір мәселе, колонканың жоқтығы демесеңіз, жұрт ішіп отырған құдықтың суы тұщы. Ауылға су құбырын тарту енді алдағы жылдардың жоспарына кіріп тұр. Басқалай түйіні шешілмеген мәселе көріп тұрған жоқпын өз басым.
– Адамды тұрмыс билейді. Ана бір жылдары ауылда жұмыстың жоқтығын, жердің шалғайлығын сылтау еткен бір қауым ел үдере көшкені мәлім. Қазір ондай қозғалыс байқалмайды. Соған қарағанда, көшетіндері әбден көшіп болып, мұнда туған жерге тамырынан байланған жандар қалған тәрізді. Сіз не байқадыңыз?
– Бұрынғыдай  емес,  қазір сыртқа көшу деген мәселе атымен жоқ. Бүгінгі таңда ауылда 108 үй (129 отбасы) түтін түтетіп отыр.  596 адам тұрады. Тұрғындардың негізгі күн көрісі мал шаруашылығы. Егер нақты деректерге сүйенер болсақ, ауылдағы шаруа қожалықтары мен жекеменшіктің еншісінде 3994 бас қой-ешкі, 1730 бас ірі қара және 300 бас жылқы бар. Негізі Шеген ауылының орналасқан жері халықтың тұрмысына  аса қолайлы.Тек, ауданның қашықтығы болмаса, бұл жақта лайықты өмір  сүруге болады. Ауыл мектебінде 117 бала білім алды. Биыл соның 12-сі мектеп бітірді.
– Қазір жұмыс істеймін деген жаннан мемлекет жәрдемін аяп жатқан жоқ. Мәселен, "Сыба-ға",  "Агробизнес – 2020", "Жұ-мыспен қамтудың жол картасы – 2020" тәрізді бағдарламалар арқылы несие алып, белгілі бір кәсіпті игеруге бар жағдай жасалған. Шеген ауылында осындай ілкімді шараларға қатысушылар бар ма?
– Біздің ауылдық округте он шаруа қожалығы бар еді. Қазір қалғаны сегіз. "Жандос" және "Ер-нар" жеке шаруа қожалықтарының жері мемлекетке қайтарылды. Өйткені, аттары аталған шаруа  қожалықтары  жерді  алуын алғанымен, оны тиісті мақсатқа пайдаланбаған.  Ал, округте шаруасы өрге басқан кәсіпкерлер аз емес. Мәселен, Талғат Мырзағалиев жетекшілік ететін "Кеңес" шаруа қожалығы 2011 жылдан бері асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырын өсірумен айналысады. Сондай-ақ, "Кемел" шаруа қожалығының да ісі ілгері басып келеді. Өткен жылы Нұрлан Самыратов бас-қаратын "Наужан" шаруа қожалығы "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы мемлекеттен несие алып, оған асыл тұқымды екі  қазақтың ақ бас бұқасын сатып алды. Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниетті басқа да кәсіпкерлер бар. Әттең, кепілдік мүлік мәселесі кәсіпкерлеріміздің ісіне кедергі келтіріп тұрған жәйі бар.
SAM_0866
Жаңа жүк көліктерін сатып алып, кәсібін кеңейткісі келген  Сембіғұл Мұхамедьяров құжаттарын әзірлеп, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасына тапсырған еді. Бірақ, қаралған қаржының жетімсіздігінен оның құжаттары өтпей қалды. Ал Адилия Мырзағалиева "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы 2 млн. 800 теңге несие алып, ауылдағы кафені уақыт талабына сай жөндемекші. Соның арқасында бірнеше адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.
– Селолық округтің аумағынан жер алып, бау-бақша өсіруге ниет қылған азаматтар да бар көрінеді. Мәселенің түйіні шешілді ме?
– Иә,ондай азаматтар бар. Мәселен, Азамат Жұмабаев деген жігіт Құмкөлдегі Шортанды өзенінің жағасынан 10 мың гектар алқап жер алып, биылдан бастап қауын-қарбыз, картоп, қияр, қызанақ, басқа да бақша дақылдарын егуді қолға алды. Сол кәсіпкер "Шортандыға 500 түп ағаш отырғызды. Ауылдағы  бір-екілі жігіттер сонда барып, жұмыс істеп жүр. Жалпы, жұмыс істеймін деген жанға мемлекет аз көмек беріп жатқан жоқ. Ауылға келіп, туған жерімді көркейтемін, гүлдендіремін деген жандарға әрдайым қолдау білдіруге әзірміз. Тек, ниет болсын деңіз.
– Жарқын Ғибатұлы, емен-жарқын әңгімеңіз үшін рахмет! Ел үшін еткен еңбектеріңіз әрдайым еселене берсін!
 
 
Тақырыпқа тұздық
 
"Шағын несие алғым келеді"

Жеке кәсіпкер Серік Бәйбеков осыдан алты ай бұрын ауылдан сауна ашты. Бұл бір жағынан өзін-өзі жұмыспен қамту, екіншіден ауыл тұрғындары  үшін аса қажетті. Кеңшар таратылған кезде бұрын-ғы қоғамдық моншаның да  "шаруасы" түгесілген-тұғын. Жекелеген тұрғындардың жекеменшік моншалары болғанмен, ауыл тұрғындары осындай бір қоғамдық жуыну орынына аса зәру еді. Сол олқылықтың орынын Серік толтырды.

SAM_0853
– Бұл сауна көптің тілегінің арқасында жүзеге асты.  "Серік, сен осыны кәдеге асыр", – деп жерлестерім маған үміт артқаннан кейін, білекті түріп іске кірістім. Міне,өздеріңіз көріп тұрсыздар, барлығы талапқа сай. Алты ай бойы үзіліссіз жұмыс істеді. Бір адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Алдағы уақытта "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы  арқылы шағын несиеге қолым жетсе, моншаның жанынан кәуап пісіретін орын, қымызхана ашқым келеді. Елбасының  өзі ауылды көркейтіңдер деп айтып жүр ғой, біздің арманымыз сол. Егер,  мемлекеттен аз ғана қаржылай жәрдем болса, шаруамыз оңға басар еді, – дейді кәсіпкер жігіт.
Серіктің саунасының бағасы да жоғары емес. Жұрт 250 теңгесін төлеп, жуынып, ыстық буға қыздырынып, шәйін ішіп демалып кетеді. Кәсіпкер ұсынған қызметке тұрғындар дән риза.
 Жанат Ерғалиев, Шеген ауылының тұрғыны:SAM_0856
– Несін айтасың, Серіктің моншасы ауылдың қажетін өтеп  тұр.  Мұнда жасы ұлғайған кісілерден бастап жас балаға дейін күн құрғатпай түсіп кетеді. Сондықтан, мұндай азаматтарға мемлекет тарапынан тиісті көмектер жасалса, ел ішінде шағын және орта кәсіпкерлік одан сайын жандана түсер еді.
 
 
 
 
 
 

 

 
 
 
Әлібек Ыбырай
Суреттерде: Аманкелді селолық округінің әкімі Жарқын Сабыржан ( оң жақта); ауыл мұражайы; кәсіпкер Серік Бәйбеков; Шеген ауылының тұрғыны Жанат Ерғалиев;
Суреттерді түсірген автор.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓