Қауышу

Немесе "Мереке" мектебінің мерекесінен репортаж
IMG_0512
Шіліңгір шілде дейтін мезгілдің тұрпайы мінез танытып тұрғанына төртінші күн бүгін. Қабағын түйіп, түнерген қара бұлт айналаны тұмшалап, түнекке айналдырған. Сағат тілі таңғы жетіден аса бергенде бір топ жорналшы жолға шықтық. Бағыт  – Науырзым ауданы. Жүйткіген темір тұлпар тас жолға ие артқанда жауын да құйып берді.
Қостанай мен "Қайғының" екі арасы 350 шақырымдай. Жол алыс. Алайда, тақтайдай тегіс трасса жеңіл көлік тізгіндегендерді кідірте қоймайды. Діттеген жерімізге дәл уақытында жеттік.
…Бұл ауылда мұндай ауқымды шара болмағалы қашан?! Өткен жылы Қайғы ауылының көңілін пәс етіп, Дәмді селолық округіне қосты. Сол баяғы "болашағы жоқ" деген желеу. Ауылда күні бүгін 82 отбасы түтін түтетіп отырған көрінеді. Адам саны 400-ден асады.
Облыста мұндай ауылдар көп қой. Атамекендерінен алысқа ұзағысы келмейтін ағайын сол ауылдардың бұйығы тірлігіне кәдімгідей шырай кіргізіп отыр. Біз барған Қайғы ауылының қа-рапайым тұрғындары да өздері-нің абақоңыр тұрмыстарына разы көңілмен қарсы алды қонақтарды. Алыс-жақыннан сағынысып жеткен азаматтардың адал көңілі ме, әлде табиғат-Ананың Қайғы ауылының қуа-нышына қарай төккен мейірі ме, әйтеуір ауыл-ға бұрыла бергенде манадан бері толассыз жауған жаңбырдың ізі де жоқ еді мұнда. Аспан да шайдай ашылып, көк жүзінде қалықтаған шарбы бұлттар пайда болды. Бар маңай нұрланып сала берді.
Иә, сол күні Қайғыда үлкен той болды. Осындағы Мереке орта мектебінің  алғаш  түлектерін ұшырғалы алпыс жыл толыпты. Әйтеуір, алды самайларын әлдеқашан ақ-қырау шалған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардан бастап, күні кешелері ғана өздерінің алтын ұя мектептерімен қимай қоштасқан шәкірттердің басы қосылып, ауыл-үйдің арасы арқа-жарқа күй кешті.
Айтпақшы, бұл алпыс жылдықтың арқауы болған 1967 жылдың төлдері, яғни, Мереке орта  мектебін осыдан отыз жыл бұрын бітірген түлектер екен. Өздері айтады: "Сыныптастардың басын қосып, өзіміз ғана дүрілдетіп тұрып атап өтуге де болар еді. Одан ауылға, туған жерімізге келер титтей де пайда жоқ қой. Сондықтан, осындай ауқымды шараны қолға алдық". Міне, азаматтық!
…Бұл маңда Жаңа Қайғы ауылы пайда болмай тұрып, жан-жағы жасыл желекке малынған Мойылды өзенінің қазіргі елді мекен орналасқан тұсы Қожахмет Қарасуы деп аталыпты. Ұзындығы 60 шақырымға ұласатын өзеннің қос қапталында қалың боз тал, мойыл ағашы өсетін деп ес-ке алады ауылдың байырғы тұрғындары. Сылаңдай аққан Мойылдының тұңғиық тереңінен кісі бойындай шортан аулап, маусым айы туғанда мөлдіреп піскен мойылды теру ерекше бір көңіл рақаты еді.
Баяғыда ауылдың тұрғындары осы Мойылдының боз талы мен Қарасудың қамысын отын ретінде пайдаланатын. Ертеде Әбду Тұржанов деген кісі ұжымшар басқарып тұрғанда, Дәмді мен Қайғының екі ортасынан 10-15 шақырымдай тоспа бөгет салдырыпты. Осы кең алапқа  жылда мол су түседі екен. Сөйтіп, жонында құлан жортқан құла түзде белуардан келетін шабындық пайда болған.  "Кешегі кеңес үкіметі тұсында Ресейдің шекаралас облыстары мен Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтары біздің ауылдан шөп шауып, таситын", – деп еске алады Сұңқар Оспанұлы ақсақал. Қайғының "шөп фабрикасы" атануы содан.
Кейін "Қостанай комсомолы" кеңшары құ-рылды. Оның алты бір-дей бөлімшесі болды. Шаруашылық 30 мыңнан астам қой өсірді. 4500 бас қара мал, 1 мың басқа жуық жылқы  өзенннің екі жағында жусап жататын.
Осы ауылдан кезінде  талай жақсылар мен жайсаңдар шықты. Олардың көбі мемлекеттік деңгейде қызмет атқарып, еліміз-дің көркеюі жолында бар саналы ғұмырларын сарп етті. Заманында атақты Тышқан батырдың, мешіт ұстап, ислам дінін насихаттаған Мұртаза хазіреттің мекені болған киелі өңір бұл.  Жанақ, Өтеулі, Мұхамеджан, Байғоныс сынды ақын-жыраулар бесігінде тербеліп өскен өнердің ордасы. Елімізге танымал күйші-домбырашы Сейіт Тымпиев, режиссер Мейрамхан Қа-пышев, профессор Айдар Есмағамбетов, Қуа-ныш Шәмшиев, Әлім Қолдасбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы болған Орал Мұхамеджановтың кіндік кескен ауылы бұл ара.
Филология ғылымдарының кандидаты Назерке Қоқышева, химия ғы-лымдарының кандидаты Ақбота Бөкеева, экономика ғы-лымдарының кандидаты Гүлзира  Серікова, танымал журналистер Сейфолла Шайынғазы, Еркін Мұхамеджанов, Темір Тілемісұлы тәрізді ақын, ғалым-тарихшы, Абай Қажи, Тоғайбай Бабыров, Хасенғали Камалов, Қасқырбай Тортаев сынды ақындар түлеп ұшты осы ауылдан.
Аумағы ат шаптырым ғана кішкентай ауылда туып-өскен, бүгінде  есімдері елге белгілі азаматтарды түгел тізіп шығу мүмкін емес.
"Сен де кеттің, мен де кеттімауылдан,
Ұят болды-ау туған-туыс, бауырдан", –
деп мұзбалақ Мұқағали ақын жырлағандай, осындай қасиетті топырақтан талайлар ірге көте-ріп, өзге жақтарға көшті. Сөйтіп,  айрандай ұйыған берекелі ауылдың реңі қаша бастады. Байырғы ұстаз,  Қайғының қадірменді қа-риясы атанған Сұңқар ақсақал: "Мен есептедім, осы біздің ауылдан кеткендер еліміздің 38 елдімекеніне көшіп барыпты", – дейді.  Алайда, "жыланды үш рет кессең де, кесірткедей қауқары бар" деген тегін емес. Кезінде  450 үй немесе 2100 тұрғыны  тату-тәтті  тірлік  кешкен Қайғының ажары тая бастағанмен, "елім, жерім" дейтін азаматтардың арқасында қайта еңсе тіктей бастағына куә болдық осы жолы.
Брусчатка тосеуде"Мерекенің"  мерейтойына дейін жан-жақта жүрген  Қайғының жігіттері қалталарынан қаржы шығарып, орта мектепті жөндеуден өткізіп беріпті. Білім ошағының алдына сәнді етіп төсемтас төсеген. Оқушылардың лайықты білім алуына қажетті құрал-жабдықтар, түрлі жиһаздар мен спорт инвентарьларын әперіпті. Қысқасы, ауылдың кәрі-жасы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауылдың ажарын кіргізген. Бүгінде ауыл мектебінде 65 оқушы білім алады. Білім ошағын 30 жылдан бері білікті  басшы  Бөлтірік  Бөкеев басқарады. Бөкең де  осы мектептің 12-ші түлегі.
 "Мереке" мектебінің 60 жылдық торқалы тойы үстінде  аудан басшылары білім ошағына жеңіл автокөліктің  кілтін  табыс  етті.  Басқа сый-сияпаттар өз алдына. Таңертеңнен бері волейбол, арқан тарту, гір тасын көтеру, сүйек сындыру тәрізді спорт түрлерінен сайыстар өтіп, әр жылғы түлектер өзара сынға түсті. Жарыстың басы-қасында Қостанай қалалық спорт бөлімінің басшысы, самбодан  екі  дүркін әлем чемпионы Нұржан Ермағамбетов жүрді. Нұржан – Науырзымның төл тумасы. Кезінде Бақытжан Құрманов тәрізді тәлімгердің тәрбиесін көрген Нұржанның өзі де бүгінде талай шәкірттерге ұстаз атанып жүрген азамат!
Түс ауа ауыл тойханасында дастарқан жайылып, сахнада аудан өнерпаздары туған жер әуендерін әуелетті. Ауылға деген сағыныш, туған жерге жасалған тағзым осылайша кеш қарайғанға дейін жалғасын тапты. Расында, бұл бір өнегелі той болды. Жан-жақтан жиналған жігіттердің  ас ішіп, аяқ босатуға емес, ауылды гүлдендіруге менің де бір септігім тисін деп шынайы жанашырлықпен алып-ұшып жеткенін аңғару қиын емес. Олар Қайғының келешегіне сенеді!
Сұңқар Оспанұлы,
Сункар Оспановбайырғы ұлағатты ұстаз, Қостанай қаласының тұрғыны:
– Мен 1932 жылы осы жерде тудым. Бұл ауыл ертеде "Бейнетқор" ауылдық кеңесі, 12-ші ауыл деп аталатын. Бұрын бұл арада үш колхоз болатын. 1960 жылдары "Қостанай комсомолы" кеңшары құрылды. Әйгілі тың игеру  кезеңінің дүркіреп тұрған кезеңі еді. Кеңшар мал шаруашылығын  дамытумен айналысты. Ол кезде "Мереке" орта мектебінде 519 балаға дейін оқитын. Мен  осы білім ошағында бас-аяғы қырық жыл ұстаздық  еттім. Соның 37 жылын мектептің оқу-ісі жөніндегі меңгерушісі, директор қызметіне арнадым. Менің бар ойым-туған жерім көркейсе екен, халық жан-жаққа тарап кетпесе екен. Қалада тұрсам да ауылға жылда келемін.
 
Кайгынын тургыныАманкелді Абдулов,
Қайғы ауылының тұрғыны:
– Мен осы ауылда туып-өстім. Елу жыл болды. Ешқайда кеткім келмейді. Көшемін десем бір-ақ күнде кетіп қалар едім. Кіндік қанымыз тамған жерді қимайсың. Өйткені, ауыл бізге өте ыстық. Жылдан жылға Жұмағазы, Сәкен інілеріміз кәсіп қылып, көмектесіп келеді. Ауылымыз әлі-ақ еңсе тіктейтініне сенемін. Сол үшін тырбанып, еңбек етіп жатырмыз. Бұрынғыдай емес, жағдайымыз түзелді.
Сакен ОспановСәкен Оспанов, Қостанайдағы "Пестициды" ЖШС Бас директоры:
– Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 30 жыл толды. Сондықтан, мектеп директоры Бөлтірік Бөкеев ағамызбен ақылдасып, "жалғыз біз ғана тойламайық" деп осындай ортақ шешімге келдік.Ойымыз туған жерді көркейту. Қаладан алыс болса да, жан-жақта жүрген азаматтар осы бір игі дәстүрді жылда өткізуге уағдаластық. Бұл біздің туған жеріміздің алдындағы перзенттік парызымыз болмақ. Келешекте ауылда мал шаруашылығын дамытуға күш салмақпыз.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓