Жаңа жоба талқыға түсті
Қостанай облысының шаруаларымен өткен кездесуде Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жаңа мемлекеттік бағдарламада қарастырылған мәселелер туралы мәлімдеді. Жаңа бағдарлама аясында егіс алқаптарын әртараптандыру жалғастырылатын болады. Бидай алқаптары 2,3 млн. гектарға дейін қысқартылады.
– Биылғы жылдың 9 қыркүйегіндегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін АӨК мемлекеттік бағдарламасын әрекет етуші «Агробизнес – 2020» үкіметтік бағдарламасы негізінде әзірлеуді тапсырған еді. Елбасы атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласы Қазақстан экономикасының драйверіне айналады. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы халық талқысынан өтуде, – деді А. Мырзахметов.
Кездесу барысында А.Мырзахметов АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының мақсаты мен міндеттерін тарқатып айтты. АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның ауыл шаруашылығы жағдайына талдау жүргізді. Талдау мал шаруашылығы саласында балық, құс еті, шұжық, ірімшік, сүзбе, май өндіру мен қайта өңдеудің төмен деңгейде екендігі және сәйкесінше аталған өнімдердің импорты жоғары екені анықталды (33%-тен 67%-ға дейін). Мұның өзінде, қой, сиыр еті жеткілікті дәрежеде өндірілетіні және экспорттық әлеуетке ие екендігі анықталды.
Өсімдік шаруашылығында макарон, өсімдік майы, көкөніс консервілері мен қанттың басым бөлігінің сырттан импортталатыны белгілі. Бұдан бөлек, А. Мырзахметов аталып өткен мәселелердің сыртқы саудадағы айырмаға кері әсер еткенін атап өтті (ауыл шаруашылығы өнімдері 2015 жылы – 2,1 млрд доллар, импорты – 3,4 млрд доллар).
Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір мақсаты ауыл тұрғындарының табысын арттырып, нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету болмақ. Әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері: мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға және өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру, тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың га астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру болады.
Сонымен қатар, бағдарламаны мемлекеттік форматқа қайта бекіту шеңберінде субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланған, бұл қазіргіден де көп мемлекеттік қолдау алушыларды қамтуға, осылайша оның тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Осы орайда, астықты өңірлердің өкілдері өсімдік шаруашылығына қатысты АӨК-ті дамыту шараларына басымдырақ ден қойды. А. Мырзахметов бидайды қайта өндірудің ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін егіс алқаптарын әртараптандыруды жалғастыра беруге шақырды.
Мал шаруашылығы саласында мал азығымен қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады, құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату бойынша шаралар қабылданатын болады.
Министр ауыл шаруашылығы техникалары жайлы айтып өтті. «Ауыл шаруашылығы техникасы паркін және құрал-жабдықтарының жаңартылуын жылдамдату инвестициялық субсидиялар (инвестиция салудан 25 %-ы ) және несие мен лизингті пайыздық мөлшерлеме бойынша субсидиялау арқылы жүзеге асырылмақ.
Жұмыс тобының басшысы, министрдің кеңесшісі Төлеутай Рахымбеков хабарлағандай, мемлекеттік бағдарламада егін егу үлесін 64-тен 46 пайызға дейін жеткізу көзделген. Сондықтан топыраққа минералдық тыңайтқыш енгізуге, жоғары сапалы тұқым материалын пайдалануға шығындар да ұлғайтылады. Майлы дақыл (1 млн га), арпа (900 мың га), сондай-ақ жүгері мен қант қызылшасын ұлғайту бойынша жұмыстар жандандырылды. Шара қорытындысында бидай өндіруге, оның өнімділігін арттыруға шығындар төмендейді. Өсімдік майы мен қантқа импорт 2,5 есеге төмендейді, қазақстандық өндірушілер осы тауармен сыртқы нарыққа шығады. Жаңа бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өзгерту нәтижесінде мемлекет көрсететін 122 миллиард теңге қаржылай көмек жоспарланған, 400 миллиард теңгеге өнім шығарылады.
Суретте: жиыннан көрініс
Суретті түсірген Айбек Жүзбай