Зияткерлік меншік ойыншық емес
Рудныйда Қостанай облыстық Әділет департаментінің мұрындық болуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Оған экономика және құқықтану пәнінің оқытушы-ғалымдары, өнертапқыштар мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысып, жаңа заңда белгіленген нормалармен танысты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйеніп отырып әзірленген заң жобасының басты жаңалығы – зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу бойынша өкілеттерді сараптама ұйымына беру арқылы зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құру. Осы айдың ішінде Мәжілісмендердің қарауына ұсынылатын құжаттың басқа да ұтымды тұстары бар.
– Шараның мақсаты – халыққа заң жобасындағы игі жаңалықтарды түсіндіру. Яғни бұл құжат бойынша тауар белгілерін, өнертабыстар мен авторлық құқықтарды тіркеуде көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Заң жобасы Парламентке ұсынылмастан бұрын осы салаға қатысты мамандар, ғалымдар және бизнес өкілдері тарапынан кеңінен талқыланып, олардың ескертулері мен ұсыныстары назарға алынды, – дейді Қостанай облыстық Әділет департаменті, зияткерлік меншік құқықтары бойынша бөлім басшысы Ренат Қапышев.
Құжатта құқық иелерін тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін 500 АЕК-дан 10 000 АЕК-ге дейін өтемақы алу құқығын қамтамасыз ету көзделеді. Сондай-ақ, тіркеуге қатысты дауларды сотқа дейінгі қарау мүмкіндігін кеңейтуді, тауар таңбаларына өтінімдерді сараптама ұйымына түскен сәттен бастап жариялауды және шарттарды тіркеу тәртібін жеңілдету қарастырылған.
– Бүгінгі кездесуден көп нәрсені ойымызға түйдік. Біз болашақ экономисттер мен қаржыгерлерді оқытатын болғандықтан, зияткерлік меншік құқығын сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін студенттерге түсіндіруіміз керек. Осы орайда, жаңа заң халық мүддесін ескеріліп жасалғандығы қуантады, – РИИ экономика және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Татьяна Красавина.
Шыны керек, бүгінде «авторлық құқық», «зияткерлік меншік» саласындағы сауатымыз көңіл көншітпейді. Осыдан болар, танымал емес брендтерді былай қойғанда, елімізде «Айфон», «Самсунг» ұялы телефондары мен «Тойота», «Лексус» сияқты автокөліктердің қосалқы бөлшектердің де жасанды көшірмелері қаптап кетті. Мамандар, жаңа заң қабылданса, талап пен қолданылатын жаза де күшейе түсетіндігін айтады.
Қоғамдық тыңдауда Әділет департаментінің мамандары заң жобасындағы өзгертулер мен толықтыруларды талқылап, өзара пікір таластырды. Талқылау барысында құқықты тауысу қағидасы, авторлық құқық, селекциялық жетістіктерді патенттеу мәселелері де қозғалды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ