Жанұяның жаңа ұясы
Таран ауданының Тобыл елді мекенінде "Бақытты отбасы" жобасы аясында көп балалы отбасыға тұрғын үй кілті табысталды.

"Нұротандықтардың" аталған жобасының арқасында баспаналы болған Смирновтар отбасы 5 бала тәрбиелеп отыр. Олар тозығы жеткен, жылу ұстамайтын, электр жарығы да жоқ жаман лашықтарынан күндердің-күні үр жаңа үйге көшеміз деп күтпепті. Қуаныштарында шек жоқ.
– Бүгін қолым жетіп отырған мына төрт бөлмелі үйді маңайлап өткен сайын: "Шіркін, сатып алар мүмкіндігім болса ғой!" – деп армандап жүруші едім. Бірақ ондай соманы жинау қолымнан қайдан келсін? Мінекей, бұл күн – көкейіміздегі арман-тілектің орындалған күні! Жанашырларға алғысым шексіз", – дейді отағасы Андрей.

Кәсіпкер бұл үйді бірден Смирновтар отбасына арнап сатып алған жоқ. Парияның аудандық филиалы, әкімдік әдіскерлері және төтенше жағдай бөлімі қызметкерлері бірігіп, аз қамтылған отбасылардың тұрғылықты жерлерін аралап, сараптама жасаған. Қорытындысында, Смирновтардың үйі ең нашар болып танылып, баспана кілтін осы отбасыға беру ұйғарылыпты.


Естеріңізге сала кетсек, елбасының тапсырмасымен елде әлеуметтік саланы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр."Нұр Отан" партиясы жанынан балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылған еді. Сол органның жоспарына сай аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы деп осы Тобыл елді мекеніндегі игі шараны атауға болады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев