Архимед Мұхамбетов: «Әр салада тұрақтылық сақталсын»

Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жоспары, облыстағы жол жағдайы және 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудегі мәселелер қозғалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының 2016-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарымен таныстырды.
– Алдағы уақытта ТКШ саласына бірыңғай техникалық саясатты, былайша айтқанда тоқырауға ұшырамайтын тарифтерді енгізуді қолға алсақ дейміз. Бұл жылу, жарық жүйелеріндегі қызметтің сапасын жақсартады. Дегенмен, мұның маңыздылығын ескеріп, тағы да талқылайық. Инвестициялық бағдарламалар арқылы жылу-энергетикалық желілерді жөндеуді де басты міндетімізге аламыз. Мендегі дерек бойынша 2 жылда 13 жоба жүзеге асырылуы тиіс. Қазіргі уақытта жарық жүйесінде де сәл кедергілер бар. Олардың арасында шалғай аймақтардағы қараусыз қалған жарық, жылу желілерін атауға болады. Аудан, ауыл әкімдері осыны қолға алып, қажетті желіні мемлекетке өткізсін, – деді ол. –  Қалалардың орталықтандырылған су желісіне қосылуы 97,4 % болса, ауылдық жерлерде 29,9 %. Өңірдегі 279 елді мекенде судың қоры сақталған. 2016-2017 жылдардағы жоспарға сәйкес, тағы да 104 ауылда қор сақтауымыз керек. Бұл да жіті назарда ұсталатын мәселе.
– Мен жақында іссапармен Арқалық қаласына бардым. Ондағы жылу-энергетикалық компаниясының жұмысына сын айттым. Оларда энергоаудит жасалған. Қаржы бөлінген. Ал өздері оның не үшін жоспарға кіргізгенін білмей отыр. Энергоаудит дұрыс жасалса, кез келген  кәсіпорынның, ғимараттың энерготиімділігін анықтауға болады. Бұл дегеніңіз жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр мекеме энергоаудитті пайдалансын, – деді Архимед Мұхамбетов. 
Ал облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк Қостанай облысының жол жағдайын баяндады. Облыстық маңызы бар Адаев-Аралкөл, Ұзынкөл-Сарыкөл, Арқалық-Торғай тас жолдары жөнделмек. Жолдардың қысқы маусымға әзірлігі де сөз болды. Ауа-райының қолайсыздығы салдарынан, әсіресе, оңтүстік аудандарға көлік қатынасының қиындайтыны белгілі. Былтырғы жылы апатты жағдайлар да шамадан тыс орын алған екен. Сол себепті биыл қыс біткенше 450 техника жолда жүретін болады, оның 76-сы республикалық маңызы бар жолдарға арналған. Оларда ғаламтормен байланыстырылған бағдарлама орнатылған. Қар көп алатын аумақтар үнемі бақылауда ұсталады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Даумованың айтуынша, қаладағы №10 мектеп пен Алтынсарин ауданындағы Свердлов орта мектебінде 12 жылдық білім берудің пилоттық жүйесі енгізілді. Ондағы мақсат – тиімділік пен кемшін тұстарды анықтау. Бұл жүйеге толықтай көшу үшін мектепалды даярлық сыныптардың деңгейін білу маңызды. Ал қазір облыста небары 443 шағын орталық жұмыс істейді. Онда 12163 бала тәлім алады.
– Компьютермен қамтамасыз ету бойынша да мәселелер жетелік. Мәселен, компьютердің қажеттілігі Арқалықта 89,5%, Жанкелдин ауданында 85,9%-ды құрап отыр. 2016 жыл аяғына дейін 1190 мұғалім біліктілік санаты курсынан өтеді. Тұрғындар арасында талқыға түсіп келе жатқан ҰБТ форматының өзгергенін айта кетейік. Енді түлектер, алдымен, өз мектептерінде сынақ тапсырса, ЖОО бөлек емтихан қабылдайтын болады, – басқарма басшысы.  
Жиын соңында Архимед Мұхамбетов қала, аудан басшыларына баяндамаларда айтылған мәселелер турасында нақты тапсырмалар берді.
 
Суретте: Кеңейтілген жиыннан көрініс
Суретті түсірген Айбек Жүзбай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓