Азаптағыш полицейлер сотталды
Қостанай облысы Қарабалық аудандық ІІБ-нің екі бұрынғы полиция қызметкері азаматтарды азаптап қинап, жәбір көрсетуде айыпты деп танылды және бас бостандықтарынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жедел уәкіл Нұрлан Сәрсембаев пен учаскелік инспектор Арман Төлегенов 20 жастағы жергілікті тұрғын Любовь Дорошенконы ұрып-соғып, азаптау жолымен дүкен ұрлығын мойындатқысы келген. Іс материалдарына сәйкес, сәуір айында полицейлер Дорошенконы бекініс пунктіне әкеліп, әбден ұрып-соққан. Соның салдарынан Любовьтің құлағының дабыл жарғағына зақым келген. Сондай-ақ, оны спиртті ішімдікті көп ішеді деп есепке қойып, ата-ана құқығынан айырып, саусақтарыңды кесіп тастаймыз деп қорқытқан. Ол уақытта әйел бала емізетін ана болған.
Сотта полицейлер тұрақты ақпарат берушінің нұсқауымен Дорошенконы жедел жауап алуға шақырғанын айтты. Алайда сотта еш айғақ келтіре алмады. Олар өз айыбын сол күйі мойындамады. Сот Сәрсембаевты 3,5 жылға, ал оның әріптесі Төлегеновті үш жылға жалпы режимдегі колонияға жабу шешімін шығарды. Қылмыскерлер сот залында тұтқындалды. Олардың қорғаушысы Татьяна Антонова үкіммен келіспейтінін және апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.