Бақылауда – тәртіп пен тазалық
Биыл облысқа қарасты орман алқаптарының бүтіндігін қамтамасыз етіп, жан-жануарларды заңсыз аңшылықтан қорғау үшін 702 рейд жүргізілген. Нәтижесінде 161 тәртіп бұзушылық әшкере болды. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан едәуір көп. 48 өрт оқиғасы, 17 заңсыз ағаш кесу, 18 аңшылық дерегі және өзге де 78 қылмыс тіркелген. Бұл мәліметтерді күні кеше "Қостанай облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" ММ басшысының міндетін атқарушы С.Қ. Қалиев өңір тілшілерімен өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Көңілге қонымсыз сандар келтірілсе де, аз жұмыс атқарылмаған. Үлкен орман танаптарында өртке қарсы жаттығулар жиі ұйымдастырылды. 728 шақырымдық өртке қарсы минералдандырылған жолақ құрылды, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар арасында 400 парақша таратылды, мекемелерде 186 кездесулер мен дәрістер оқылды. Ал орман қорын көбейту мақсатында көктем және күз мезгілдерінде 1293 гектар аумаққа көшеттер отырғызылған. 18523 дана көшет отырғызу үшін 1 млн 692 мың теңге жұмсалыпты.
-Облыс көлемінде 13 орманшылық мектебі жұмыс істеуде, сондай-ақ оқушыларға кәнігі мамандар тәлім-тәрбие беретін 1 клуб бар. 240 оқушы тал егу жұмыстарына қатысты, өзге де экологиялық шараға жұмылдырылып жүр. Мұның бәрі өскелең ұрпаққа табиғат-Ананы қорғауды өнеге ету үшін қажет, – дейді баяндамашы.
Сондай-ақ, мекеме басшысы балық шаруашылығы, су ресурсы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жайына да тоқталып, алдағы жылдарға құрылған жоспарлармен бөлісті. Мәселен, келер жылы Тобыл өзені арналары тазаланып, 2-3 метрге тереңдету жұмыстары қолға алынбақ. Бұған 46 млн теңге бөлінеді.
Тағы бір апуқымжы жоба – Қостанай мен Рудный қалалары арасында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон салынады. 10 млрд теңге жұмсалмақ. Қазір аумақ белгіленіп қойылған. Басқарма сызған нобай бойынша, санитарлық полигон мен қалдықтарды сұрыптау кешені құрылысы және 1 500 қоқыс контейнерін ауыстыру, арнайы техникалар сатып алу көзделіп отыр.