Қар жауды, қарбалас басталды
Таң атқалы коммуналшыларда тыным жоқ. Күрек басына ілігер қар түсіп, жұмысшылар көше тазалығына таң бозынан жаппай кірісті. Олар қаланың қозғалысы көп көшелерін, әлеуметтік маңызды нысандар алдын, аялдамалар маңын тазартуда. Сондай-ақ, барлық мекеме қызметкерлері де өздеріне тиесілі аумақты қардан аршуға бір кісідей жұмылған.
– Тазалыққа әрқайсысымыз да жауаптымыз, – дейді №14 мектеп қызметкері Алмас Нұртазин. – Мәселен, аула маңын қардан тазалауды тек техникалық қызметшіге жүктей қою қатып қалған міндет емес. Бірлікті іске білек сыбана кірісуге өз басым қашан да даяр тұрамын. Бұл – біздің ұжымға тән қасиет.
Бірі қолға күрек алып, аула тазалауға кіріссе, көлік иелері дөңгелек ауыстыру үшін ТҚС жағалап, шина монтажына кезекке тұруда. Ал синоптиктер әбігер-қарбаластың әлі алда екеніне болжам жасайды. Биылғы қыс "мінезді" болатынын, жауын-шашынның мол түсетінін айтып отыр ауа райын жорамалдаушылар. Әйткенмен, коммуналдық шаруашылық қысқы жұмыстарға сақадай сай.
Айта кетейік, бұған дейін мәлімдегеніміздей, әр көліктің техникалық қалпы, жанар-жағар маймен қамтылуы жүз пайызға дайын. Сондай-ақ, көктайғаққа қарсы материалдардың нормативті қоры, диспечерлік қызмет даярлығы, оның күндіз-түні кезекшілік атқаратын тәжірибелі кадрлермен қамтылуы да жоспардағыдай. Қыс мезіліндегі жұмыстарға 140 техника жұмылдырылады. Мұның сыртында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қосымша 10 бірлік арнайы техника сатып алуға тапсырма берген. Оның тең жартысын сатып алу үшін облыстық бюджеттен 132 млн теңге бөлінді, қалған бесеуін мердігерлер өздері қатарға қосуға уәде еткен болатын.
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков