Kostanay Plaza ашылды
Бүгін Қостанай қаласында «Kostanay Plaza» ойын-сауық, сауда орталығы ресми түрде ашылды. Ғимараттың көлемі 30 мың шаршы метрге жуық. Қаладағы ең ірі орталықтың пайдалануға берілу рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов шаһар басшысы Базыл Жақыпов және жобаның негізін қалаушы, «БК-строй» құрылыс компаниясының директоры Игорь Ким қатысты.
Жаңа ғимараттың құрылысына 4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Қаржыны «БК» строй құрылыс компаниясы бөліп, нысанды салып шықты. Игі істің арқасында 500-ге жуық жұмыс орны ашылып отыр. Мұнда қолжетімді бағадағы «Астықжан» гипермаркеті, балалардың ойын-сауық алаңы, қаладағы ең үлкен кинотеатр, тұрмыстық техника супермаркеті бар.
-Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың берген тапсырмаларының бірі, маңыздысы шағын және орта бизнесті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Міне, осы тапсырманы орындау аясында, бүгін біз облысымыздың орталығы, Қостанай қаласында «Kostanay Plaza» атты ойын-сауық, сауда орталығын ашқалы отырмыз. Ғимараттың құрылысына жергілікті материалдар пайдаланылды. Нысанды жалға алушылар өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосатын болады. Ең маңыздысы, мұнда ойын-сауық қызметтеріне жақсы көңіл бөлінген. Облысымызда бұрын соңды болмаған балалардың ойын алаңы ашылып отыр. Алаңға Италия, Испания, Жапония сияқты жетекші елдердің заманауи құрылғылары, ойын автоматтары орнатылған. Бір күннің ішінде мыңдаған бала осы жерде емін-еркін демалатын болады. Қаламыздағы ең үлкен кинотеатр бір мезгілде 730 адамға қызмет көрсетеді. Кинотеатр залдары заманауи дыбыс құрылғыларымен жабдықталған. Жаңадан ашылған мұндай маңызды нысандарды өз бақылауымда ұстаймын. Алдағы бір жарым айдан соң қаланың орталығында McDonald's (Макдональдс) мейрамханасын ашамыз. Ең маңыздысы, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау. Алдағы уақыттары ішкі туризмді дамытатын боламыз. Қадірлі қауым, баршаңызға бүгінгі қуаныш құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Егеменді еліміз Қазақстанның абыройы әрқашан асқақтап, мерейі үстем болсын,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Аймақ басшысының құттықтауынан соң жобаның негізін қалаушы, "БК-СТРОЙ" құрылыс компаниясының директоры Игорь Ким сөз сөйледі. Одан кейін Архимед Бегежанұлы мен Игорь Романович жібек лентаны қиып, жаңа нысанды ресми түрде ашық деп жариялады.
-Біздің қаламыз жылдан жылға өсіп, өркендеп, көркейіп келеді. Соңғы жылдары жаңа шағын аудандар, стадиондар, саябақтар көптеп салынуда. Жол жөнделіп, көпірлер қайта жаңарып жатыр. Қостанай заманға сай түрленуде. Зәулім ғимараттар қаланың көркін аша түсуде. Мұндай ірі ойын-сауық орталықтары тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналарына сенімдімін. Жаңа нысанда көптеген іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып жатыр. Компания болашақта аукциондар өткізбекші. Сондықтан, біз сіздерді асыға күтеміз. Нысанның ашылу салтанатына келгендеріңізге, біздің жобамызды қолдағандарыңызға рахмет,-деді Игорь Ким өз құттықтауында.
Жыл басынан бері Қостанай қаласында көптеген шағын және орта бизнес нысандары ашылып, сәулетті тұрғын үй кешендері халықтың игіліген берілді. Атап айтқанда, Тобыл жағалауындағы саябақ (амфитеатр), Жәнібек тархан ескерткіші, "Алтын арман", «Юбилейный» тұрғын үй кешендері бой көтеріп, қала тұрғындарының пайдалануына берілді.
Қымбат Досжанова.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.