ТАРИХ. ТАҒЫЛЫМ. ТАҒЗЫМ Аманкелдіде халық қозғалысына арналған той өтті
Еркіндік сүйген ержүрек халқымыз өз бостандығы үшін қашан да аянбай күресіп, Атамекенін қасық қаны қалғанша қорғап қалды. Аманкелді Үдербайұлы бастаған 1916 жылғы халық қозғалысы – тәуелсіздік жолындағы тартысты күрестің айқын көрінісі. Биыл – осынау айтулы датаға 100 жыл. Өзге аймақтармен қатар тұрақты дамып келе жатқан Аманкелді ауданы да бұл мерекені өз дәрежесінде атап өтті.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің ұсынысымен «Көркейе бер, Қостанай!» акциясы бастау алды. Мақсаты – қостанайлықтарды кіндік қаны тамған жерін көркейтуге шақыру, туған жерден жырақта жүрген түлектерді өз өлкесінің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға тарту. Аманкелді ауданынан түлеп ұшқан, бүгінде сыртта жүрген жерлес азаматтар, кәсіпкерлер туған жерін көркейту үшін қаржылай көмектерін көрсетіп, демеушілік жасады. Мұның сыртында ауданның шаруашылық құрылымдарымен, кәсіпкерлерімен әлеуметтік әріптестік негізінде меморандум жасалды.
ЕРЛІК ӨШПЕЙДІ, ЕР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығын атап өтуге арналған мәдени-спорттық шаралар батыр ата ескерткішінің маңындағы жиынмен басталды. Аманкелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов ел тарихындағы халық қозғалысының маңызы мен Аманкелді Имановтың шынайы батырлығына тоқталды. Сенат депутаты Серік Ақылбай ұзын-сонар жолында азаттық деп аласұрған, еркіндік деп екпіндеген Аманкелді Үдербайұлының аңсап кеткен азаттығын сақтау, қастерлеу бүгінгі ұрпақтың еншісіне тигенін айтты. Мұнан кейін тарих ғылымының докторы, Аманкелді Имановтың немересі Батырлан Рамазанұлы халық қозғалысына байланысты шыққан кітап туралы аз-кем мағлұмат берді.
– Мен атама байланысты түрлі деректерді жинап келемін. Әкем Рамазан Амангелдиев есейген шағында қолына қалам алып, әкесі туралы «Батырдың балалық шағы» деген роман жазуды бастады. Бірақ, аяқсыз қалды. Өйткені, әкем соғыс басталған жылы майданға баруға өтініш берген екен. Енді бұл кітапты аяқтап, халыққа жеткізу – менің міндетім, – деді батырдың немересі.Ал Жамбыл облысы, Шу ауданынан келген зейнеткер, Аманкелді Үдербайұлын дәріптеп, насихаттаушы Рысбай Райысұлы: – Аманкелдi Иманов 1918 жылдың наурызында Торғай уезiнiң әскери комиссары болып тағайындалған. Ең өкiнiштiсi, 1919 жылы Торғайда Кеңес өкiметi құлап, батыр бабамыз қанды көйлек сарбаздарымен бiрге тұтқындалды. Ел iшiнiң тыныштығы кетiп, Аманкелдi батырдың туыстарына атамекенiнде тыныш өмiр сүру мүмкiн болмайды. Қауiп-қатер жиiлеген 1920 жылы батырдың ағайын-туыстары мен бауырлары, шамамен 140 отбасыдай болса керек, Торғайдан дүркiрей көшедi, – деп, естеліктерінен үзінді оқып берді.
Іс-шаралар легі «Мәңгілік Ел мұраты: Тарих пен тағылым» атты ғылыми конференциямен жалғасты. Оған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан арнайы тойға шақырылған қонақтар, ауданның зиялы қауым өкілдері, барлығы 200-дей адам қатысты. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің құттықтау хатын оның орынбасары Марат Жүндібаев оқып берді. «1916 жылғы халықтық қозғалысты тарихи тұрғыда зерделеу мәселелері» тақырыбында профессор, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде:
– Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан дейді қазақ. Мұндағы айтайын дегеніміз осы тарихи құбылысқа шынайы баға беру қажеттілігі енді туған сияқты. Қозғалыс төңкеріске ұласты, соның нәтижесінде Ресей империясының ұлан-ғайыр территориясында Кеңес үкіметі орнады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс біржақты ғана зерттеле бастады. Қозғалыстың әрбір он жылдығында Торғайға экспедиция ұйымдастырылып, есепсіз деректік материалдар жинақталды. Олардың көпшілігі жарияланды да. Ә.Жанкелдин, А.Иманов жөнінде құжаттар жинағы ертеректе жарық көрді. Өкініштісі, барлығы да тек кеңестік идеология тұрғысынан қарастырылды, – деді.
1916 жылғы халық қозғалысының өңір тарихындағы орны туралы белгілі ақын Хамитбек Мұсабаев баяндама жасап, жұрттың көбі білмейтін тың деректерді ортаға салды. Жиын соңында бір топ азаматтарға шапан жабылып, сый-сыяпат жасалды.
«Елдік пен Ерлік даласы» республикалық атты айтысқа Бүркітбай Бекетов, Айбек Қалиев, Мамай Ізтілеу, Азамат Мәлжанбай, Бағила Балмашева, Салтанат Өтелбаева Марғұлан Оспанов, Батырлан Сағынтаев, Байбатыр Ахметбеков, Ғалымгерей Кенжеғозин, Тоба Өтепбаев, Айбар Рағатовтар қатысты. Ақындар халық қозғалысының маңызын, Аманкелді батырдың ерліктері хақында жырлады. Ел жайы да назардан тыс қалған жоқ. Аманкелді ауданы жыл санап көркейіп, жана нысандар бой көтеріп келе жатқанын айтты. Ақындардың мәнді сөздеріне ұпай көтеріп, әділ бағасын Ғұмар Ахметчин, Әлпия Орманшина, Хамитбек Мұсабаев, Жұма-Назар Сомжүрек сынды аға-апаларымыз беріп отырды. Бірінші кезекті аяқтаған соң Айбек Қалиев пен Азамат Мәлжанбай, Салтанат Өтелбаева мен Марғұлан Оспанов айтысты. Осы төртеудін айтысынан кейін әділқазылар келісіп, шешім шығарды. Нәтижесінде, бас бәйге Айбек Қалиевке бұйырды. Бірінші орынды Салтанат Өтелбаева еншіледі. Екінші орынды Азамат Мәлжанбай алса, үшінші орын Марғұлан Оспанов пен Батырған Сағынтаевқа бұйырды.Осыдан соң аудан орталығына келген қонақтар мәдениет үйіндегі көрмені, А.Иманов мұражайын тамашалауға мүмкіндік алды. Меймандарға арнайы тігілген ақшаңқан үйлерде қонақасы берілді. Той ары қарай аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
ЖЫЛҚЫҒА ЖЕТПЕГЕН КӨЗ ЖӘУТЕҢ ҚАҚҚАН…
Қалың қауым бәйге болатын жерге қарай ағылды. Бұл күнде ат жарысты өткізетін алаңды табу да оңай шаруа емес. Бәйге жолының топырағы жұмсақ, аттың тұяғына зақым келтіретін тастар, ұңғыл-шұңқырлар болмауы шарт. Ал Аманкелдіде мұндай жер – Тойтөбе. Әсем ән, күмбірлеген күймен астасқан осынау сән-салтанат баршаны керемет бір күйге бөлеп тұр.
Қырағы көз бапкерлер бәйге аттарының артық-кемін жазбай танып, алдын ала байқап, тиісті қорытынды жасап отыр. Кей ақсақалдар бас бәйгені алатын атты да жорамалдап қойған. Бәйге басталмай тұрып, халық театрландырылған қойылымды тамашалады. Аманкелді сардардың жұрттың басын қосып, губернаторға, кейін орыс патшалығына қарсы көтеріліс бастау сәтінен көріністер қойылды.
Сөйтіп, шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктер ауыздығымен алысып, алға ұмтылды. Ат бәйгесі десе арқасы қозатын жанкүйерлер Тойтөбені қиқуға бөледі. Шабандоздар 12 шақырымды еңсеру керек. Әу дегеннен облысқа белгілі кәсіпкер А.Тұрсыновтың «Аргон» атты сәйгүлігі суырылып алға шықты.
Қостанайлық «Хан», арқалықтық «Лазер», аманкелділік «Ақтанау» да осал емес. Соңғы екі айналым қалғанда «Аргон» шаршаңқырап қалған сыңайлы, Атбасардан қосылған «Сарматам» атты торы құнан алға шықты. Сонымен, мәреге 17 жастағы Ақылбек Жұмағалиев мінген «Сарматам» бірінші жетті. Аттың иесі – Азамат Бұлтанов.
Шабандоздар 25 шақырымдық аламан бәйгеге қатысты. Басты жүлде – автокөлік. Аламан бәйгеде белгілі атбегі, торғайлық Балғабай Қабжановтың жүйрігі бәрінен озып, мәреге жеке дара келіп жетті. Орталық стадионда алыптар бәсекесі – «Түйе палуан» өткізілді. Бозкілемге «Қазақстан барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұл, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Руслан Әбдіразақов, Ержан Шынкеев, Сейтен Айбат секілді кілең мықтылар шықты. «Түйе палуанда» Ұлан Рысқұл ақтық сында Ержан Шынкеевтен айласын асырып, жеңіске жетті. Осылайша, ол автокөлік иегері атанды.
Атаулы мереке соңы орталық алаңдағы эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерт, от шашумен аяқталды.
Міне, халық қозғалысына арналған Батпаққара төсіндегі той өз мәресіне жетті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған тойға жан-жақтан келген құрметті қонақтар дән риза.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.
Ой бәркелді!! Керемет той! Керемет ұймдастыру! Туған жер!
Негизи, Торгайда жасау керек ет, как то стмволично, Амангелдинцы молодцы!!!
Осы тойды көп күттік. 15 мың адам келді бас аяғы. Тамаша. Дегенмен ат жарысы әділ өткен жоқ. Балғабай Кабжанов ағамыздың тұлпары Россиядан әкелінген. Сонда отқан қаншама атбегілер разы емес болды. Қазақтың қазанатын шығарсақ қой, аудан топырағында…