Қарияның қанын ішкен қыз
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 83 жастағы қарияны өлтірген 17 жасар қызға үкім шығарды.
Іс қағаздарына сүйенсек, кісі қанын мойнына жүктеген қыз тұрмысы нашар отбасынан шыққан көрінеді. Араққа салынған әкесінің бұған дейін қызы мен оның анасын да үйінен қуып шыққаны белгілі болып отыр. Далада қалған екеуі – таныстары мен туыстарының есігін сығалап күн кешкен. Кейін өз бетінше өмір сүруді шешкен мектеп оқушысы уақытша жалғызбасты 83 жастағы зейнеткердің үйін паналайды. Мұның алдында қыз бау-бақшасы мен үй шаруасына көмектесіп тұрғандықтан бұған қария да қарсылық білдірмейді. Өткен жылдың қарашасында қыз оқуын тастайды. Қостанай қаласына келіп, даяшы болып жұмысқа орналасады. Үстіміздегі жылдың 31 наурызында қаладан ауылға келген ол бірден зейнеткердің үйіне тоқтайды. Сол түні қарияның: «үйден қуып шығамын» – деген айқайынан оянған қыз оның қолындағы таяғын жұлып алып, өзіне бас салады. Соққыны көтере алмаған қария сол жерде еденге құлайды. Мұнымен тоқтамаған қыз кіреберісте жатқан шеге жұлғыш пен балғаны алып, қарияны қатты соққының астына алады. Ауыр дене жарақатын алған зейнеткер сол жерде жан тапсырады. Ал, қанішер қыз болса жіппен қарияның аяқ-қолын байлап тастайды да, өзі қайтадан ұйқыға кетеді. Таңертең мүрдені үйдегі сандыққа тығып тастайды. Өзі тінтіп жүріп тапқан 4000 теңге мен құны 500 теңге тұратын әйел орамалын ұрлап кетеді.
Алты жыл, екі айға бас бостандығынан айырылған қанішер қыз енді жазасын жалпы тәртіптегі тәрбие мекемесінде өтейтін болады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қарлығаш Оспанова