Жалған кәсіпорындар жарға жығып отыр
Экономикалық қылмыстардың көбін салық төлеуден жалтарған жалған кәсіпорындар құрап отыр. Мұндай кәсіпорындар басқа облыстарда қайта тіркеліп, жұмыстарын жандандыруда. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен брифингте мәлім болды.
Облыстық прокуратура мен салық органдары тіркелуді кейінге қалдырған кәсіпорындарға тексеру жүргізді. Ағымдағы жылдың жеті айында жалған кәсіпорын дерегі бойынша 28 талап арыз сотқа жіберілді. Мәселен, 2013 жылдың сәуір айында «Әлем Құрылыс» ЖШС Қостанай қаласының тұрғыны А.Павлюктің атына тіркеліп, кәсіпорынның жетекшісі әрі құрылтайшысы қызметі қоса жүктелген. Ал тексеру кезінде оның бірнеше рет сотталғаны анықталды. Тексеру кезінде анықталғандай, Павлюкке белгісіз адамдар жолығып, оның атына кәсіпорынды тіркеу туралы ұсыныс жасап, сыйақы ұсынған. Мұндай қадамға ол колониядан босап шыққанан кейін ақша мен тұрақты жұмыс табыла алмағандықтан барған. Енді ол осы қылмысы үшін заң алдында жауап береді.
Шұға Қоңқабай