Істің тетігін тапқан
Әулиекөл кентінде тұратын Атымтай Елеусізов 2012 жылдан бері өзінің жеке кәсібін дөңгелентіп келеді. Ол жол бойындағы «Дальнобойщик» кафесінің иесі. Атымтай 2013 жылы таныстарынан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жылдық үстемақысы 6%-пен 3 млн теңге несие алуға болатынын естиді. Бұл жеке кәсіпкер үшін таптыртпайтын мүмкіндік еді. Ілкімді жаңалықтан хабардар Атымтай уақытты созбай аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарынан кеңес сұрайды. Осыдан соң тиісті құжаттарын жинап, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға бел байлайды. Алдын ала бизнес-жоспарын түзеді. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ына қажетті құжаттарын тапсырған ол көп ұзамай шағын несиеге қол жеткізіп, оған кафеге тоңазытқыш, басқа да жабдықтар сатып алды.
Биыл Атымтай Үкіметтен алған несиесін толық төлеп бітірді. Бағдарламаға қатысушылар туралы ережеге сәйкес, алған несиесін мерзімінен бұрын төлеген жандар екінші мәрте 5 млн.теңгеге дейін шағын несие алуға құқылы. Бұл жолы ол ауданда жүк тасымалдау қызметін жандандыру үшін тағы да аты аталған бағдарламаға қатысты. Бүгінде Атымтайдың кәсібі алға жылжи бастады. Табыссыз емес. Бір жағы қосымша жұмыс орындарын ашуға септігі тиді.
-«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы барша қазақстандықтар үшін өте тиімді жоба. Бұл бағдарлама жыл сайын мен сияқты қаншама адамның бағын ашып, жеке кәсіптерімен айнаысуға жол ашып отыр. Сондықтан, мемлекеттің осындай айрықша қамқорлығына дән ризамыз,-дейді кәсіпкер Атымтай Маратұлы.
Әулиекөл кенті-тоғыз жолдың торабында орналасқаннан соң, әрлі-берлі қатынайтын жүргіншілер, жолаушылар қысы-жазы бір толастамайды. Сондықтан, Атымтайдың тас жолдың бойын таңдауы бекер емес. Ол өз тұтынушыларына сапалы әрі қолжетімді қызмет ұсынып келеді.
Жалпы, ауданда Атымтай Елеусізов сияқты жеке кәсібін ашқан азаматтар аз емес. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының «тірек ауылдарды кешенді дамыту және кәсіпкерлер бастамасын ынталандыру» тәрізді екінші бағытының шеңберінде өңірдегі қырық шақты адамға 120 млн теңге көлемінде шағын несие беру көзделген-тұғын. Бүгінде соның 32-сі жетпіс тоғыз млн.теңге несие алып үлгерді. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорына» сенім артып отырған азаматтардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді.
-Ауданымызда он бір адам кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйреніп, қазір өздерінің жеке кәсібін ашып алды. Әлгінде айтылған отыз екі адамның он бесі шағын несиені бірінші рет алып отырса, қалған он жетісі бұрынғы кәсіпорындарын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүдделі. Жалпы, несие алушылардың көбі мал шаруашылығын дамытқысы келеді. Сондай-ақ, бала-бақша, монша, кондитер цехы, жартылай фабрикаттарды қайта өңдеу, техникалық қызмет көрсету, жүк тасымалдау тәрізді салалар да біртіндеп жанданып келеді,-дейді Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов.
Аудан басшылары жұмыссыздықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың түрлі тетіктерін мейлінше көбірек пайдалануға тырысып отыр. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үшінші бағыты – «мамандарды қайта даярлау және жұмыс күшінің қажеттілігіне байланысты басқа өңірлерден сұранған отбасыларды көшіріп әкелу» бойынша аудандағы он екі мекеме мен кәсіпорында әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, оларға 33 адам орналастырылыпты. Жекелеген жұмысшылардың жалақысын субсидиялау үшін қазынадан 4 млн. 699 мың теңге қаржы бөлінген.
Осылайша, Әулиекөл ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары алға басып келеді. Бұл бағытты облыс басшысы жүктеген міндеттердің үдесінен шығуға тырысамыз дейді өңір басшылары.
Әлібек ЫБЫРАЙ