Студенттердің ұйытқысы – кіші Ассамблея
Рудный индустриялық институтында Студенттердің Кіші Ассамблеясының кезекті отырысы өтті. «Мәңгілік ел» патриоттық актісі мен онда көрсетілген «Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім» құндылығын жастар арасында кеңінен насихаттап жүрген ұйым бұл жолы Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктерді саралап, бірқатар өзекті мәселелерді талқыға салды. Жиынды институттың тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жасұлан Алпысбаев ашты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен жетістіктеріне тоқталған ол алдағы уақытта да бірлік, бейбітшілік, отансүйгіштік сынды ұлы ұғымдар әр қазақстандықтың бойынан табылу керектігін айтты. Осы тұста оқу орнының жанынан құрылып, студенттердің ұйытқысына айналған Кіші Ассамблея мен «Мәңгілік ел» орталығының атқарып жатқан қызметі зор екендігін атап өтті.Қостанай облысы әкімдігі «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Алпыс Қожахметов «Қазақстандық бірдейлік пен тұтастықты нығайту мен дамыту» тақырыбында презентация жасады.
– Елдің ел болуы, ең алдымен, оның бірлігіне, ынтымағына байланысты екені тарихта да, біздің заманымыз үшін де жаңалық емес. Ол – ақиқат. Ұлттық бірлік – мемлекеттіліктің басты кепілі, айрықша құндылығы екендігін түсініп қана қоймай, соны қалыптастырып, сақтай білген мемлекеттің іргесі де берік, – деді ол.Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы көпұлтты халқымыздың саяси-әлеуметтік, мәдени-ұлттық орталығы бола отырып, саяси және экономикалық реформаларды кең құлашта байсалды, тындырымды, нәтижелі негізде жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келе жатқандығын тілге тиек етті.Шара барысында Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмат Жылыспаев «Тұңғыш Президентпен бірге бейбітшілік пен рухани келісімнің 25 жылы» тақырыбында сөз қозғаса, Тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Жанна Жаңбыршина мемлекеттік тілді меңгеруге бет бұрған өзге ұлт өкілдері туралы әңгімеледі.
– Рудныйлықтардың облыс пен республикалық деңгейдегі шығармашылық байқауларда топ жаруы – қазақ тілін үйренгісі келетіндер қатарын көбейтті. Тіл мәселесі біртендеп шешімін тауып келеді, – деді Жанна Ерманқызы.
Кеңесте Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсаринның 175 жылдығына арналған тұшымды ойлар айтылды. Қала мектептері мен колледждерінен келген жастар да қарап қалған жоқ. Кездесу соңында қонақтарға сауалдарын қойып, елдегі бейбітшілік пен келісімді қайтсек көздің қарашығындай сақтауға болатындығы туралы өз ойларын айтты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ