Рухани басқосу

Тәуелсіздік мерекесі күні Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінің үйымдастыруымен елдігіміздің 30 жылдығына орай дастархан жайылып, тағылымды отырыс өтті. "Жетім көрсең жебей жүр" деген тәмсілді негізге алған дін өкілдері Алла үйінің алқа мүшелері ақсақалдарын, ел ағаларын, зиялы қауым, мешітке әр кез демеушілік ететін кәсіпкерлер мен ата-ананың қамқорынсыз жасөспірімдердің басын арнайы біріктірді. Басты мақсат – тағдырдың тәлкегіне түсіп, әке-шешенің аялы алақанын сезіне алмаған өрімдерге Тәуелсіздік мерекесінің мән-мағынасы, азаттық алу жолындағы ұлтымыздың жанкештілігі жан-жақты баяндалды.
Мерекелік дастархан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде құрбан болған боздақтарға Құран оқылып, дұға бағышталумен басталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құрметіне шақырылған жаны жаралы, көңілі жабырқаулы 30 балаға мешіт атынан арнайы сыйлықтар тарту етілді. Үнемі ғибадат ордасына қол ұшын созып келе жатқан кәсіпкерлер алғыс хаттармен марапатталды.
Жиын барысында белгілі ақын-жазушылар Серікбай Оспанұлы, Ақылбек Шаяхмет, ғалым Қалқаман Жақып, меценат әрі руханият жанашыры Ибраш Естайұлы бастаған ел азаматтары құттықтау сөз сөйледі. Ақсақалдар қауымы батасын берді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓