Облысқа «Инновациялық автобус» келді
Ел ішіндегі өнертапқыштардан соны озық жобаларын республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар «NIF$50K» байқауына өтініштерін қабылдау мақсатында республикамыздың барлық өңірлерін аралап жүрген «Инновациялық автобус» біздің облысымызға да келіп жетті.
Әдеттегідей қонақтарды жерлестеріміз ән-жырмен, шашумен қарсы алды. Қостанай қалалық балалар шығармашылығы үйінде өткен кездесу барысында өңіріміздің өнертапқыштарының инновациялық жобалары мен идеяларының шағын көрмесі болды. Содан кейін «Инновациялық автобуспен» келген қонақтармен семинар-мәжіліс болып өтті. Жиын аясында облыс әкімінің орынбасары М. Дәрібаев сөз сөйледі. Сол секілді кездесу барысында байқау туралы «Инновациялық белсенділікті ынталандыру орталығының» сарапшысы Т. Төлеусариев толық мәлімет берді.
– Бүгінде ел аралап жүрген «Инновациялық автобустың» басты мақсаты -өңірлердегі өнертапқыштарымызды, жас ғалымдарымызды табу. Жұртшылыққа осы «NIF$50K» байқауы туралы толық ақпарат беру, әлеуетті қатысушыларды оған белсенді түрде қатысуға үндеу. Еліміздің он бес өңірін араладық, өнертапқыштардан екі жүзден аса өтініш түсті.
Байқау шартына сәйкес, өтініштерді қабылдау 1 тамызға дейін жалғаспақ. Мерзім аяқталғанға дейін өтініштер саны көбейеді деп ойлаймын. Жобалар іріктелініп алынады. Айта кеткеніміз жөн, байқау барысында байқағанымыз жылдан жылға аймақтардан инновациялық белсенділік арту үстінде. Сондықтан да келешегі зор идеяларды, жобаларды табамыз деген үміттеміз. Қостанайлықтардан жаңа идея мен жаңалықтарды күтеміз,-деді бізге Технолгиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің сарапшысы Ұлдай Жәркенова.
Гүлназым Сағитова
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков