Басынып біткен бейтаныс

кулыпҚарабалықтық Наталья қарапайым тіршілік кешетін тұрғындардың бірі. Жалғызбасты, тұрмысы төмен. Балалары жан-жақта. Табысы тақыл-тұқыл: жартысынан көбі коммуналдық шығындарын жабады, қалғаны жүрек жалғарға әзер жарайды. Сондықтан қаражат қоры онда ешқашан болып көрген емес.
Ол ұрлыққа ылғи пәлсапалық пайыммен қарайды: егер адамды тонап кетсе, ұры оның өмірінен ауру-сырқау, сәтсіздік, мәселе, тіпті алдан күтер қайғылы жайттарды да ала кетпек. Дегенмен, әйелді әбден зәрезап қылып бітірген ұры мұндай ойда болмаса керек. Жадау үйге беймезгіл, бейқожа уақта "шақырусыз" бірнеше рет түскен. Ал кейін… еденді ластап, дәлізді таптамау үшін кіреберіске кебістерін шешіп кіретінді әдетке айналдырған.
-Алғаш рет олар өткен жылы күзде ұрлыққа түсті. Ол кезде мен жергілікті мейрамханада аспаз болып жұмыс істеуші едім. Жұмыстан түнде келгенімде аспалы құлыптың жоқтығын байқадым. Үй ашық, ешкім жоқ. Ішке кіріп, есікті тиектедім де, қылмыскерді қолға түсіруге дайындалдым. Қараңғы, тыныштық, тек өз демім мен жүрегімнің дүрсілі естіледі… Ұрыны ақыры кезіктірмедім, ол да жөн болған шығар. Төргі бөлмедегі асадал түгелімен ақтарылыпты. Шамасы ұры бағалы бірдеңе іздеген болуы керек. Бірақ қанағат қылар ештеңе таппаған соң бірер кастрюл, алюминий шылапшын және құлыпты кілтімен қоса қойындарына қыстыра кетіпті, – деп еске алады Наталья
Ол сол түні ақыры ұйықтай алмай шығыпты. Бұдан былай кілтті өзімен алып жүретін болды. Бірақ ұрылар әйелдің жалғыз тұратынын, қорғансыз екенін, үйде күні бойы болмайтынын біліп алған сыңайлы. Келесі жолы олар құлыпты бұзып кіріп, тоңазытқыштан екі шыны арақ және банкаға салынған итке беретін тамақты алып кеткен.
Наталья полиция шақырады. Дуалдың арғы жағындағы 10 жыл іргелес тұратын көршісімен аралас-құраластығы жоқ болып шықты, сондықтан олар ештеңе көрмеген, естімеген. Тәртіп сақшылары осындай белгілі себептермен қылмысты ашып бере алмады.
Ал әбден басынған қылмыскерлер жыртық үйге үшінші рет түседі. Бір қызығы, құлыпты дал-дұл етіп сындырғанымен, бейтаныс бұзақы бұл жолы ештеңе ұрламаған. Төзім мен үрейді, тыныштық пен ұйқыны қоспағанда…
Олар төртінші рет "қонаққа" келгенінде ауыз суға арналған фляганы ала кеткен. Енді әйелдің су тасырға ыдысы жоқ. 
Әрине, мұның бәрі бір ғана ұрының әрекеті екеніне үй егесінің күмәні жоқ. Бейтаныс танысының әлі қанша дүние-мүлкін иемденерін де білмейді. Сондықтан да ол жұмыстан ерте қайтып, есікті іштен іліп, үйін қарауылдаудан басқа амалы жоқ. Бейуақта ит үрсе немесе елеусіз тырсыл өне-бойын салқындата жөнелсе, жалма-жан бөлме-бөлменің шамын жағады. Қорғаныстың бұдан басқа тәсілі жоқ…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓