Жерді пайдалана алмасаң, мемлекетке қайтарылады

Қазіргі таңда облысымызда мақсатты пайдалануға берілген жер көлемі 19,6 млн. га құраса, 10,6 млн. га жуығы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Онда 230 мыңнан астам жер иесі, 5100-ден астам шаруа қожалығы бар.20160501112709Жыл басынан бері өңірімізде жерді пайдаланудың заңдылығын сақтауға қатысты 340 тексеру жүргізіліп, 225 заңсыздық анықталыпты. Бұл туралы аймақтық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде облыстық жерді пайдалану және қорғауды қадағалау жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Қатарбеков айтты:
– Заңсыздық анықталған жердің көлемі 263 мың га құрайды. Заң бұзғандарға 26 млн теңгедей айыппұл салынды. Екінші мәрте заң бұзатындар да бар. 12 шаруашылық субъектісі 21,2 мың га жерді пайдаланудан өз еркімен бас тартты. Осы жерлер мемлекет меншігіне алынды.
Басқарма ай сайын облыстық кіріс департаментіне жерді пайдаланатындар жөнінде ақпарат беріп отырады. Өткен жылы осы мақсатта 261 мың га жерді мақсатсыз пайдаланғандарға қатысты 44 млн теңге өндіріліп алынған.
2014 жылы коммерциялық мақсатқа берілген 6,5 га болатын 4 жер телімі тәркіленіп алынған. 2015 жылы болған жоқ. Биыл осы мақсаттағы  6 жер телімін қайтару туралы іс сотқа жолданған. Н.Қатарбеков биыл коммерциялық мақсатты пайдалануға жарата алмаған 100 га аумақ мемлекетке қайтарылады деді:
– Ал ауыл шаруашылығына деп берілген жерді тиісінше жарата алмағандардан мемлекетке қайтару науқаны да жүргізіліп жатыр. Биыл жалпы аумағы 24 мың га 27 телімге қатысты іс сотқа жолданды. Алдағы жылы 250,2 мың га жерді сот арқылы қайтару туралы іс материалдарын әзірлеп отырмыз.
Өңірімізде «Талап-Астық» ЖШС, «Қоныспай-Агро» ЖШС, «Жер-Ана» АӨК» ЖШС қатарлы әлеуметтік шиеленіс тудырып отырған қатысты шаруашылықтарға тексерулер жүргізілген. Қазір «Ақ-Балшық» ЖШС тексерілу үстінде болса, қараша айында тағы бірқатар серіктестіктердің жұмысының заңдылығы анықталады. Егер аталған бизнес субъектілері заң бұзушылықты жоймайтын болса, келесі жылы олардың да жері сот арқылы тартып алынбақ. Биыл сонымен қатар, «Агро-Жер», «Жаңа Тұрмыс» серіктестіктері бастапқы тексеруден өткен. Н.Қатарбеков сондай-ақ, құрылыс мақсатында берілген жер телімдері де мақсатқа пайдаланылмай отыр деді.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов кезінде жерді молынан иемденіп алып, оны сатып пайда көріп отырғандарды сынады. Сонымен қатар, жоғарыдағы серіктестіктерді банктерге қасақана қарыздарын қайтармайтын, мемлекетке салық төлеуден жалтаратын кәсіпорындар екенін БАҚ арқылы хабарлау керектігін ескертті:
– Жұмыс істемейтіндердің жерін заң жүзінде қайтарып, оны кәсібін жандандырғысы келетіндерге беру керек. Ал облыс орталығында да 40 га жуық 36 жер телімі бар дедіңіз. Қазір бізге тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асырып жатқан уақытта жер ауадай қажет. Ал бұлар не істеп отыр? Телімдерді алып, оны қоршап тастайды да, еш пайдаға жаратып жүрген жоқ. Міне, осы мәселе де жіті қадағалауда болсын.
     
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓