«Алтын адам» – Қостанайда
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ұлттық музей сенің қалаңда» мәдени саяхаты Қостанайға жетті. Бұл акция осы уақытқа дейін Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Шымкент, Павлодар, Семей, Өскемен, Көкшетау, Петропавл қалаларында өткізілген.



Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов:
– Іргелі жоба еліміздің барлық аймағын қамтыды. Мәдени саяхаттың бір маңызды тұсы – тәуелсіз Қазақстанның тарихи символы «Алтын адамның» Қостанайға келуі. Енді қала тұрғындары мен қонақтары бағалы мұрамен жақынырақ танысып, естелік суретке түсе алады.
Сондай-ақ, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып «Алтын адамды» қазақ өркениетінің шыңы деп бағалады.
– Өткеніңді білмей болашақты болжау қиын. Сондықтан мына бастаманың біздің қаламызда өткізілгеніне өте қуаныштымыз. Қазақстанның ең құнды жәдігері, елдігіміздің басты символы біздің кім екенімізді көрсететін туынды. Тіпті, қазіргі дамыған, технологиясы мықты заманда дәл мынадай ғаламатты жасап шығару оңай емес, – деді профессор.
ҚР Ұлттық музейінің жоба жетекшісі Ардақ Қожатаеваның айтуынша, көрмеге кіру ақысыз. Қарасаң көз тоятын бұл жәдігер Қостанайда үш күн бойы тұрады.




Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков