Әскери самбодан чемпионат өтті
Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының спорт кешенінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Академияның 45 жыл толуына орай және қостанайлық жерлесіміз, академик Шайсұлтан Шаяхметов еске алуға арналған 23 жасқа дейінгі жастар арасында әскери самбодан ҚР чемпионаты өтті.
Жарыс Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті және Қостанай облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы мен Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ұйымдастырды. Биыл екінші рет жалауын көтерген біріншілікке еліміздің 9 облысынан 11 команда, 130-дан астам спортшы қатысты. Спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер бақтарын сынады.
Арнайы шақырылған қонақтардың қатысуымен чемпионаттың ашылу салтанаты өтті. Қадірменді қонақтардың арасында елімізге белгілі спортшылар, билік өкілдері болды. Айтар болсақ, профессор, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшысы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов, облыстық маслихаттың хатшысы Сайлаубек Ещанов, самбо күресінен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, самбо күресінен ҚР спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі «Экстра-класс» төрешісі, 2014 жылғы «Құрметті спорт қызметкері» атағының иегері Асылбек Какенов, самбо күресінен КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші, әлем чемпионатының қола жүлдегері, жарыстың бас төрешісі Мейманбек Төлепов, ҚР самбо күресінің вице-президенті Антар Сәбиевжәне Қостанай қаласы спорт бөлімінің басшысы Нұржан Ермағамбетов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбо күресінен КСРО спорт шебері Бейсенбай Әубәкіров және осы чемпионаттың бас демеушілері, академик Ш.Шаяхметовтың туысқан інілері Мұхамбетжан Ақұлов және Кәкімбек Сейдалин болды.
Қонақтардан кейін сөз алған кілем иелері, Академия бастығының кадр және тәрбие жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Ербол Қаппасов өз сөзінде барлық жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі:
-Құрметті чемпионатқа қатысушылар, жатттықтырушылар және спорт жанкүйерлері! Сіздерді бүгінгі әскери самбо күресінен ұйымдастырылып отырған Қазақстан чемпионатына қатысуларыңызбен құттықтаймын. Бұл чемпионат Қостанай өңірінде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш жарыс өзіміздің жерлесіміз, самбо күресінен кеңес одағының спорт шебері, самбо және қазақша күрес бойынша республикалық федерацияның Президенті болған, белгілі академик Шайсұлтан Шаяхметовті еске алуға арналуда. Аталмыш чемпионатты ұйымдастырып отырған барша ұйымдастырушыларға академия басшылығының және барша қазақ елінің атынан алғысымызды білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді.
Чемпионаттың бірінші және екінші күндері жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мадақтамасымен және медальдарымен, сондай-ақ, демеушілер сыйға тартқан ұялы телефондармен, спорттық сөмкелермен және термостармен марапатталды.
90 келі салмақта кілем үстінде шеберлік танытып, жанкүйерлер мен төрешілердің көңілінен шыққан Қостанай академиясының курсанты Жолдасбек Ануаров жеңіске жетіп, ҚР спорт шебері нормативін орындады.
Чемпионат әділ төрешілердің төрелігімен, ұйымдастырушылардың еңбегімен жоғары деңгейде өтті.
Мейрам Оспанов,
ҚР Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының баспасөз хатшысы