Туған қызын пышақтады
Қостанай облысының мамандандырылған соты 48 жастағы Сергей Вотчильге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, 27 шілдеде Қарасу ауданының Комсомольский ауылында С.Вотчиль түскі ас үстінде үш рюмка арақ ішіп алып, ұйықтауға жатқан. Сол уақытта үйге құрбыларын қасына ертіп 26 жастағы үлкен қызы келеді. Қыздар ауладағы үстел үстінде бір шөлмек "жынды суды" қақ бөліп ішіп алған. Бұлардың шуылынан оянып кеткен үй иесі қызына ескерту жасап жекиді. Кикілжің соңы қыз бен әке арасындағы қызыл шеке төбелеске дейін ушығады. Құрбылары араға түспегенде оңай басылмас еді. Алайда, Вотчиль қызының масқаралауына төзе алмай, асүйден пышақ алып шығып, өз баласын өлтіріп салған.
Сот Сергей Вотчильді айыпты деп тауып, 9 жылға бас еркінен айырды. Жазасын қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтейді.