Тағзым мен тарту
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Жанкелдин ауданында тарихи ескерткіштер бой көтеріп, біртуар тұлғалардың бюсттері жаңартылуда. Солардың бірі – Торғай жерінен тұңғыш шыққан, гвардия полковнигі, дивизия командирі Мырзағали Жангеловтың құрметіне арнап қойылған ескерткіш қайта жаңарды. Оның қайта қалпына келуіне мұрындық болған – Алматы қаласының тұрғыны, бизнес саласында өзіндік орны бар Жантемір Хамзин.
Ескерткіштің ашылуында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов, еңбек ардагерлері – Әбдірасыл Есетов пен Жұмақан Садуақасов ойларын ортаға салып, Мырзағали Жанбайұлының ерлікке толы өмірлерінен сыр шертті.
– Мен сыртта жүрсем де өзімнің туған жеріме деген сағынышым сейілген емес. Қолымнан келгенше еліме қызмет жасап, перзенттік борышымды өтеуге дайынмын. Биыл Қазақстан бойынша тарихи жыл деп есептеймін. Себебі кешегі ата-бабаларымыз аңсап кеткен еркіндікке қол жеткіздік. Міне, енді еркіндік алғанымызға ширек ғасыр толып отыр. Торғайдан шыққан тұңғыш полковник Мырзағали әкеміз сұрапыл соғыстың ортасында жанқиярлық ерлік жасап, кеудесін оққа тосты. Сондықтан осы кісінің мүсінін қайта жаңартып, Тәуелсіздік қарсаңында торғайлықтарға тарту жасадым, – дейді Жантемір Хамзин.
Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин және Мырзағали атамыздың ұрпақтары ескерткішті салтанатты түрде ашты. Ақ жаулықты әжелеріміз қазақы ғұрып бойынша шашу шашып, бір-біріне құтты болсын айтысып жатты.
Артынша “Марғұлан” шатханасында ас беріліп, аруаққа құран бағышталды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы